Бүкіл әлемде шынайы ақпаратқа сұраныс артқан сайын, фактчекиң саласы да жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Халықаралық фактчекиң желісінің (IFCN) есебіне сәйкес, журналистік ұйымдар арасында фактіні тексеру саласында ресми танылуға өтініш бергендер саны рекордтық деңгейге жеткен.
Өткен жылы IFCN жалпы 226 өтінішті қарастырған. Оның ішінде 61-і алғаш рет тіркелген ұйымдардан түссе, қалған 165-і аккредитацияны жаңартуға ниетті топтардан келген. Нәтижесінде, 116 ұйым халықаралық стандарттарға сай деп танылып, бүгінде 57 елде 182 тексерілген фактчекиң ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың барлығы бейтараптық, ашық қаржыландыру, ақпарат көздерінің анықтығы, тексеру әдістемесінің жариялылығы және түзетулер саясаты секілді ортақ қағидаттарға сүйенеді. 2016 жылы енгізілген бұл стандарттар бүгінде кәсіби фактчекиңнің әлемдік негізіне айналды.
Өтініштер саны артқандықтан, IFCN өзінің бағалау жүйесін қайта құрып, ресми сайтты жаңартты және сарапшыларды даярлау бағдарламасын күшейтті. Құжаттарды қарау уақыты бұрынғы 10 айдан орта есеппен 6 айға қысқарған. Ал аккредитациясын бес рет сәтті растаған ұйымдар енді екі жыл сайын ғана тексеруден өтеді.
Сонымен қатар IFCN басқару құрылымын кеңейтті: аймақтық 8 жаңа сарапшы кеңеске қосылып, қаржылық тұрақтылық, қудалауға қарсы әрекет және қауымдастықпен байланыс жөніндегі жұмыс топтары құрылды.
Жаңа шағымдар жүйесі негізсіз арыздарды автоматты түрде іріктеп, нақты шағымдарды тікелей сарапшыларға бағыттайды. Бұл жүйе фактчекиңмен айналысатын мамандарды ұйымдасқан шабуылдардан қорғауға көмектеседі.
2023 жылдан бері 12 миллион доллар көлеміндегі Global Fact Check Fund қоры арқылы 67 елдегі 134 ұйымға шамамен 6 миллион доллар бөлінді. Бұл қаражат жаңа қызметкерлерді жұмысқа алу, қауіпсіздікті күшейту және аудиторияны кеңейту мақсаттарына жұмсалып жатыр. Қор сонымен қатар IFCN стандарттарының маңыздылығын көрсетіп, сенімді фактчекингке инвестиция салу қажет екенін дәлелдеді.
Технологиялық платформалардың кейбір шегіністері мен фактчекерлерге бағытталған шабуылдарға қарамастан, IFCN 2025–2026 жылдары өз стандарттарын толық қайта қарап, оларды заманауи талаптарға бейімдеуді жоспарлап отыр. Жаңа нұсқада генеративті жасанды интеллект, бірлескен фактчекиң және азаматтық кеңістіктің тарылуы секілді мәселелер ескеріледі.
Сондай-ақ, өтініш берушілерге арналған онлайн оқыту курсы әзірленіп жатыр. Бұл курс арқылы үміткерлер әр талапты қалай орындау керегін өз бетімен меңгере алады. Сонымен бірге өтініштерді бақылау мен бағалауға арналған автоматтандырылған жүйе іске қосылады.
Бұл есеп — фактчекерлер үшін сертификат алуға апарар жол картасы ғана емес, сонымен бірге саланың ортақ стандарттарының айқын көрінісі. Ал саясаткерлер мен демеушілерге бұл есеп шынайы және ашық фактчекиң жұмысының үлгісі мен оны сақтап қалу үшін қажет ресурстар туралы нақты түсінік береді.