USAID Зеленскийді «Жыл адамы» деп тану үшін Time журналына 4 млн доллар төледі ме?

Ақпанның аяғында АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) Time журналына Владимир Зеленскийге «Жыл адамы» атағын беру үшін ақша төлегені туралы жаңалық тарады. «Проверено» басылымы ақпараттың рас-өтірігін анықтады.

Анықтама: 2022 жылғы 7 желтоқсанда Time журналы Владимир Зеленский мен Украина рухын «Жыл адамы» деп таныды. Журнал бұл арқылы Ресей басқыншылығына қарсы күрескен барлық украиналықтарды біріктірді.

Қай видео туралы сөз болып отыр?

Видеоның жоғарғы оң жақ бұрышында New York Post логотипі бар. Ролик ашық дереккөздерде бұрын жарияланған суреттер мен коллаждардан тұрады, ал кадр сыртындағы дауыс оқиғаны баяндайды. Видеоның төменгі жағында ағылшын тілінде субтитрлер бар. Алайда бұл видео New York Post-тың ресми аккаунтында жарияланған материалдардан айтарлықтай ерекшеленеді.

Қандай айырмашылықтар бар?

  • Видео көлденең форматта жасалған, бұл YouTube пен Instagram-дағы қысқа жаңалықтар видеосына тән емес.
  • Әдетте New York Post-тың түпнұсқа видеоларында фонға музыка қойылып, субтитрлер беріледі. Егер жаңалықты жүргізуші оқыса, онда оның бет-бейнесі, аты-жөні және лауазымы видеода көрсетіледі.
  • Видеоны безендіру стилі де New York Post-қа сәйкес келмейді. Түпнұсқа роликтерде басылымның логотипі тек мұқаба кадрында, оң жақ жоғарғы бұрышта орналасады, ал тақырып мәтіні әдетте көрсетілмейді. Одан кейінгі кадрларда логотип тақырыптың төменгі бөлігіне қойылады. Сонымен қатар тараған видео мен түпнұсқа материалда әртүрлі қаріптер қолданылған.
  • Видеоның дауысы да күмәнді: кадр сыртындағы диктордың кім екені көрсетілмеген, дауысы монотонды әрі табиғи емес. Бұл дауыс жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен жасалған болуы мүмкін. Lead Stories фактчекерлері InVid құралын пайдаланып, аудио талдау жүргізді. Нәтижесінде дауыстың жасанды екені анықталды.

Мемлекеттік сатып алу базасындағы деректер

АҚШ-тың мемлекеттік шығындары туралы usaspending.gov сайтында Time журналына қандай да бір америкалық агенттік қаржылық қолдау көрсеткені туралы дерек жоқ. Журнал негізінен жарнама, брендтік контент және жазылымдардан түсетін ақшамен қаржыландырылады.

Видео ресми ресурстарда бар ма?

«Проверено» New York Post-тың ешбір ресми парақшасында (X, Facebook, TikTok, Instagram, YouTube, ресми сайт) видеоның не Зеленскийге «Жыл адамы» атағы үшін ақша төленгені туралы мәліметтің жоқ екенін анықтады. Басқа БАҚ та мұндай ақпаратты растаған жоқ.

Фактчекерлердің қорытындысы

New York Post USAID-тың Time журналына 4 млн доллар төлегені туралы видео жарияламаған. Сондықтан видео мен ондағы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Контекст

2023 жылы Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ-ның бас ассамблеясының 78-сессиясының пленаралық отырысына қатысқаннан кейін түрлі ақпарат тарады. Ол жартылай бос залдың алдында сөйлеген деседі. Бұл басқа елдердің Украинадағы соғысқа аз алаңдайтынын, Зеленскийдің батысқа сапары сәтсіз болғанын көрсетеді-міс. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Журналист

Factcheck.kz