USAID шетелдегі барлық бағдарламасын тоқтатты

АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) 1 шілдеден бастап шетелдегі қызметін ресми түрде тоқтатты. Reuters жазуынша, бұл туралы мемлекеттік хатшы Марко Рубио мәлімдеген.

Рубионың сөзінше, сыртқы саясатқа қайшы келмейтін жобалар тікелей АҚШ Мемлекеттік департаментінің бақылауында болады. Ол мұндай өзгеріс тиімділік пен есептілікті арттыруға бағытталған дейді.

USAID агенттігінің жабылуы — биыл наурызда қабылданған шешімнің жалғасы. Сол кезде АҚШ билігі бағдарламалардың 83%-ін шығыны көп әрі ел мүддесіне сай келмейді деп қысқартқан.

Жыл басында агенттік қызметкерлерінің бір бөлігі ақысыз демалысқа жіберілген. Бұған USAID басшылығының Мемлекеттік басқару тиімділігі департаментіне (DOGE) ішкі құжаттарды беруден бас тартуы себеп болған. Ол кезде DOGE жетекшісі қызметін атқарған Илон Маск агенттікті тарату қажет деген мәлімдеме жасап, бұл бастаманы президент Дональд Трамп қолдаған еді.

The Lancet медицина журналы жариялаған зерттеуге сәйкес, USAID-ке қаржы бөлудің күрт қысқаруы мен агенттіктің таратылуы 2030 жылға дейін 14 миллионнан астам адамның өліміне әкелуі мүмкін.

АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джордж Буш пен Барак Обама USAID агенттігінің жабылғанын сынады. Associated Press хабарлауынша, олар USAID қызметкерлерімен жабық онлайн кездесуге қатысып, өз алаңдаушылығын білдірген. Обама «USAID-ті жою – бұл әділетсіздік әрі трагедия. Себебі бұл әлемдегі ең маңызды жұмыстардың бірі еді» деп мәлімдеді.

Журналист

Factcheck.kz