Украина билігі Трамптың Truth Social желісін бұғаттағаны рас па?

2025 жылғы ақпанда АҚШ президентінің Владимир Зеленскийге қатысты сынынан кейін «Украина билігі Дональд Трамптың Truth Social әлеуметтік желісін бұғаттады» деген ақпарат тарады. «Проверено» басылымы бұл мәлімдеменің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Truth Social сайтының Украинада бұғатталғаны туралы жазбалардың көпшілігінде әлеуметтік желінің логотипі мен «Қазіргі уақытта Truth Social сіздің аймағыңызда қолжетімсіз» деген хабарлама бар скриншот көрсетілген.

Фактчекерлер тексергендей, қолданушылар украиналық IP-мекенжайлардан әлеуметтік желіге кіре алмаған, олар дәл осы осы хабарламаны көрген.

Украина билігі Трамптың Truth Social желісін бұғаттағаны рас па?
Украина аумағынан Truth Social желісіне кірген кездегі ескерту, «Проверено» басылымының жарияланымындағы скриншот.

Дегенмен әлеуметтік желінің логотипі мен жұмыс істемей тұрғаны туралы хабарламаның болуы шектеуді украиналық билік емес, Truth Social-дың өзі енгізгенін көрсетеді.

Парақшаның кодында Cloudflare компаниясының уеб-сайттарды қорғау және жеделдету қызметтерін ұсынатын Pages платформасы қолданылғаны анықталды. Cloudflare параметрлеріне байланысты, сервер 403 қатесін қайтарған кезде, украиналық IP-мекенжайлардан кірген пайдаланушылар жоғарыдағыдай парақшаны көреді. Егер бұл шектеуді Украина билігі енгізгенде, қолданушылар өз браузеріне сәйкес стандартты хабарламаны көрер еді.

2025 жылғы 20 ақпанда Украина Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Георгий Тихий Truth Social-дың бұғатталуы туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Truth Social әлеуметтік желісінің Украинада бұғатталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Украина бұл әлеуметтік желіні бұғаттамады және бұғаттай алмайды, өкінішке қарай, Truth Social әлеуметтік желісі Украинада ешқашан қолжетімді болмаған. Ашық дереккөздерге сәйкес, Truth Social тек бірнеше елде (АҚШ, Канада, Бразилия, Австралия және тағы басқалар) ғана жұмыс істейді, ал Украина бұл тізімде жоқ. Егер Truth Social Украинаны қолжетімді аймақтар қатарына қосса, біз ризашылығымызды білдіреміз», – деді ол.

AFP агенттігі де Truth Social-ды басқаратын Trump Media & Technology Group компаниясынан пікір сұрады.

«Truth Social-дың Украинада бұғатталғаны туралы хабарламалар жалған. Truth Social Украинада ешқашан қолжетімді болмаған», – деп жауап берген компания.

Контекст

2021 жылы Дональд Трамптың жақтастары Капитолийге шабуыл жасағаннан кейін Twitter саясаткердің парақшасын бұғаттады. Компания бұл шешімді «зорлық-зомбылыққа тағы да шақыру қаупіне» байланысты деді. Сонымен қатар, Трампты Twitch, Facebook, Instagram және YouTube желілерінен де шеттетті.

2022 жылғы ақпанда Дональд Трамптың медиа тобы iOS жүйесіне арналған Truth Social қосымшасын АҚШ-та іске қосты. Қосымша Apple App Store дүкенінде тегін жүктеулер бойынша көш бастады.

Журналист

Factcheck.kz