ЦАРКА: «16 миллион қазақстандықтың тараған дерегі» – бұрынғы және жүйесіз деректердің жиынтығы

Анонимді Telegram-арналар мен әлеуметтік желіде Қазақстанның 16 миллион азаматының жеке дерегі жария болғаны жөнінде ақпарат тарады. Жарияланған кестеде азаматтардың тегі, аты-жөні, жынысы, туған күні, ЖСН-і, ұялы, жұмыс және үй нөмірлері, азаматтығы, ұлты, мекенжайы, тіркелу және тіркеуден шығу мерзімдері көрсетілген.

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) бұл мәліметтерге қатысты алдын ала зерттеу қорытындыларын жариялады.

«Білетіндеріңіздей, бұл мәселеге қатысты мемлекеттік органдар тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, сарапшыларымыз жарияланған деректердің көздерін тексеріп, олардың шынайылығы мен азаматтардың қауіпсіздігіне қаншалықты әсер ететінін бағалап жатыр. Қазіргі таңда бұл база бұрын түрлі жолмен ұрланған және әртүрлі дереккөздерден алынған ақпараттардың бір файлға жинақталған нұсқасы деп ойлаймыз. Мұндай жағдайлар даркнетте мәліметтер базасын сату мақсатында жиі кездеседі», – делінген ресми мәлімдемеде.

ЦАРКА өкілдерінің айтуынша, егер деректердің шынымен тарағаны ресми түрде расталса, азаматтарға push-хабарлама немесе SMS арқылы ескерту жіберіледі. Кейін әр азамат деректерінің қауіпсіздігін Egov Mobile қосымшасындағы NomadGuard сервисі арқылы тексере алады.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz