АҚШ Президенті Дональд Трамп жасанды интеллект (ЖИ) инфрақұрылымын дамыту үшін ірі инвестициялық жоба басталғанын хабарлады. Жобаны жапондық SoftBank, Oracle және ChatGPT жасаушы OpenAI компаниясы басқарады. Бұл туралы «Америка дауысы» жазды.
«Stargate деп аталатын жобаға АҚШ-тағы ЖИ инфрақұрылымын дамыту үшін кемінде 500 миллиард доллар инвестиция салынады», – деді Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында.
Мәслихатқа OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман, SoftBank төрағасы Масайоши Сон және Oracle негізін қалаушы Ларри Эллисон да қатысты.
Трамптың айтуынша, Stargate жобасы келесі буындағы ЖИ жетістіктерін қолдау үшін физикалық және виртуал инфрақұрылым жасайды, соның ішінде «үлкен деректер орталығы» салынады деген де жоспар бар.
Мәслихатта MGX жобаның төртінші акционері екені және Arm, Microsoft, NVIDIA, Oracle мен OpenAI жобаның алғашқы технологиялық серіктестері екені айтылды
Контекст
Бұған дейін Джо Байден жасанды интеллект туралы пікір білдіріп, оның жаңа қауіп-қатер көзі болуы мүмкін екенін айтқан.