Трамп әкімшілігі «Азаттық радиосына» 12 миллион доллар бөлуі керек – АҚШ соты

Дональд Трамп әкімшілігі Конгресс мақұлдаған қаражаттан «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы» (АЕ/АР) медиакорпорациясына 12 миллион доллар бөлуге тиіс. Бұл шешімді федералдық судья Ройс Ламберт шығарды. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.

Судья Ламберт Трамп әкімшілігі Конгресс бекіткен қаржыландыруды біржақты түрде алып тастай алмайды деп қорытындылады.

АЕ/АР адвокаттарының айтуынша, Трамп әкімшілігі штаттан тыс істейтін журналистермен келісімшарттарды бұзып, жалдау төлемдерін кешіктіріп, 122 қызметкерді жұмыстан шығарған. Егер қаржыландыру қалпына келтірілмесе, 1 мамырда тағы да қызметкерлер қысқартылып, келісімшарттар бұзылуы мүмкін.

Ал АҚШ үкіметінің адвокаттары бұл дауды Федералдық шағымдар сотында қарау қажет деп есептейді. 2025 жылғы қазанға дейін «Азаттық Радиосы» АҚШ федералдық үкіметінен медиакомпанияға Конгресс бөлген 77 миллион долларды алуға тиіс.

Контекст

15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің, оның ішінде «Америка ғаламдық медиа агенттігін» (USAGM) қысқарту туралы жарлыққа қол қойған. USAGM – «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» бас ұйымы.

АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған.

«Азат Азия радиосының» президенті және атқарушы директоры Бэй Фанг бұл шешімді «диктаторларға жасалған сый» деп атады. Ал «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» басшысы Стивен Капус «Иран аятоллалары, Қытайдың коммунистік басшылары, Мәскеу мен Минскідегі автократтар медианың 75 жылдан кейін жабылуын тойлайды» деп жазды.

Басты беттегі сурет Reuters порталынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz