Адам түнде тісін сықырлатса, бұл ағзада паразиттердің, яғни гельминттердің барын білдіреді деген пікір кең тараған. Көптеген стоматологиялық және терапевтік клиникалардың сайтында түнде тіс сықырлату (медициналық атауы — бруксизм) мен гельминтоз арасында байланыс бар екені айтылған. «Проверено» басылымы ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
Гельминтоз деген не?
Гельминттер (глисты) — паразиттік құрттар, олар адамның, жануардың немесе өсімдіктің ағзасында өмір сүре алады. Олар негізінен үш топқа бөлінеді: жұмыр құрттар (нематодтар — аскаридалар мен острицалар), ленталы құрттар (цестодтар — мысалы сиыр цепені) және сорғыштар (трематодтар — мысалы бауыр фасциоласы).
Ағзаға мұндай паразиттердің түсуі гельминтоз деп аталады. Бұл ауру бүкіл әлемде кең таралған, әсіресе гигиена сақтамайтын балалар арасында жиі кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тек топырақ арқылы жұғатын гельминтозбен әлемде шамамен 1,5 миллиард адам ауырады, бұл бүкіл әлем халқының 20 процентіне жуық.
Гельминтоз адам денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Мәселен құрттар аллергиялық реакцияларға, ас қорыту жүйесінің бұзылуына, іштің ауруына, диареяға, жүрек айнуға және анемияға алып келуі ықтимал. Жүкті әйелдерде бұл бала салмағының аз болу қаупін арттырады, ал балаларда физикалық және ақыл-ой дамуының тежелуіне себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ паразиттер бауыр, өкпе мен ішек сияқты ішкі ағзаларды зақымдайды. Гельминтоз белгілерінің арасында түсініксіз салмақ жоғалту, темір немесе B12 тапшылығынан туындаған анемия, түнгі уақытта тік ішек маңындағы қышу бар.
Гельминтоз бен тіс сықырлатудың байланысы бар ма?
Бруксизм, яғни түнде тіс сықырлату — бұл төменгі жақтың стереотипті қозғалысы салдарынан тістердің еріксіз қысылып, үйкелуі. Бұл көбіне ұйқының бұзылуына, жүйке жүйесінің жүктемесіне және стреске байланысты пайда болады. Бруксизм балаларда жиі кездеседі. Бұл құбылыс тістердің эмаль қабатының тозуына, пломбалар мен протездердің зақымдануына, сондай-ақ тістердің жылжымалы болуына себеп болады. Мұндай әсерлерді азайту үшін тісқаптар, тыныштандыратын дәрілер қолданылады.
«Проверено» зерттеген ғылыми еңбектердің басым бөлігінде бруксизм мен гельминтоз арасында себеп-салдарлық байланыс көрсетілмеген. Кейбір зерттеулер тек екі жағдайдың қатар жүруі мүмкін екенін айтады. Мәселен 2006 жылы Венесуэлада жүргізілген зерттеуде 427 мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының 63,23%-інде гельминтоз анықталған. Зерттеушілер мұндай балаларда тік ішек айналасының қышуы, энурез және бруксизм жиірек кездесетінін айтқан, бірақ бұл факторлар арасында нақты байланыс зерттелмеген.
Ал 2008 жылы Бразилияда 6–11 жас аралығындағы 57 балаға жүргізілген зерттеуде 30 баланың бруксизмі болған, ал 27-сінде болмаған. Нәтижесінде бруксизмі бар балалардың 9-ында ғана паразиттер табылып, ал бруксизмі жоқ балалардың 11-інде анықталған. Бұл зерттеу гельминтоз бен бруксизмнің арасында байланыс жоқ екенін көрсетті. Ұқсас қорытындыны 2010 жылы Иранда жүргізілген зерттеу де жасады: 3–6 жастағы 100 баланың ішінен паразиттер 11 бруксизмі бар балада және 8 бруксизмі жоқ балада табылды. Бұл айырмашылық статистикалық тұрғыдан маңызды болмағанымен, зерттеушілер паразиттер бруксизмнің себебі болуы мүмкін деген болжам айтты. Алайда 2013 жылы сол зерттеушілер 4964 балаға зерттеу жүргізіп, бруксизмнен зардап шеккендердің тек 15,7%-інде ғана ішек паразиттері табылғанын көрсетті. Бұл жолы олар екі жағдайдың арасында себептік байланыс жоқ деген тұжырымға келді.
Логикалық тұрғыдан алғанда, ішекте өмір сүретін паразиттердің тіс сықырлатуға әсер етуі екіталай. Дегенмен кейбір ғалымдар бұл мүмкін деп есептейді. Мысалы 2022 жылы Мароккодан шыққан зерттеушілер паразиттер жүйке жүйесіне уытты әсер ететін ерекше емес ақуыздар бөлуі мүмкін деген болжам ұсынған. Бұл ұйқысыздық немесе тіс сықырлату сияқты белгілерге себеп болуы ықтимал. Сонымен қатар олар бруксизм мен гельминтоз бір-бірімен емес, үшінші бір себеппен байланысты болуы мүмкін деп болжайды. Мәселен бала саусағын сорса, бұл паразиттердің ағзаға енуіне себеп болады, ал ата-ананың бұл әрекетке тыйым салуы баланың психологиялық күйіне әсер етіп, бруксизм тудыруы мүмкін.
Сол жылы америкалық ғалымдар паразиттердің жүйке жүйесіне әсер етуі туралы зерттеу жүргізіп, гельминтоздың жүрек-қантамыр аурулары, астма, ішек қабынулары, эпилепсия сияқты ауруларға қатысы болуы мүмкін екенін айтты. Олар паразиттер нейромедиаторлар мен цитокиндердің құрамына әсер ететінін, ал бұл мидың электрлік белсенділігін өзгертуі мүмкін екенін жазды. Бруксизм бұл зерттеуде қарастырылмағанымен, ол да жүйке жүйесінің көп факторлы бұзылысы ретінде түсіндірілуі мүмкін. Алайда бұл мәліметтер әлі тек жануарларға негізделген, адамдарға қатысты нақты қорытынды жасау үшін клиникалық зерттеулер қажет.
Фактчекерлер қандай қорытындыға келді?
Түнде тіс сықырлату мен гельминттер арасындағы себеп-салдарлық байланыс дәлелденбеген. Екі жағдайдың да балалар арасында жиі кездесетіні осындай пікірдің қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Паразитолог Светлана Орыщактың айтуынша, бруксизмге көбіне тіс жару, құлақтың ауыруы, жаңа ортаға бейімделу, күндізгі шаршау мен эмоциялық жағдай себеп болады. Ал острицалармен ауырған жағдайда паразиттер түнде тік ішектен шығып, қышу туғызып, ұйқыны бұзуы мүмкін, ал ұйқының бұзылуы расында да бруксизмнің себебі бола алады.