TikTok-қа жеке деректерді Қытайға бергені үшін айыппұл салынды

Ирландияның Деректерді қорғау жөніндегі комиссиясы (DPC) TikTok компаниясына Еуроодақтағы Деректерді қорғаудың жалпы ережесін (GDPR) бұзғаны үшін 530 миллион еуро көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.

DPC мәліметінше, TikTok Қытайдағы қызметкерлерінің ЕО пайдаланушыларының дерегін қашықтан алуын шектемеген және деректерді ЕО стандарттарына сай қорғамаған.

DPC бұл мәселе бойынша тергеуді 2021 жылы бастаған. Тергеу аяқталатын кезде, TikTok Еуропа тұрғындарының дерегі Қытайда сақталғанын, бірақ кейін өшірілгенін мәлімдеді. Енді компания алты ай ішінде өз қызметін ЕО талаптарына сәйкестендіруі керек.

Ал TikTok бұл шешіммен келіспейтінін айтты. Компанияның хабарлауынша, олар еуропалық пайдаланушылардың дерегін ешқашан Қытай билігіне бермеген және мұндай сұраныстар алмаған.

Бұл TikTok-қа салынған алғашқы айыппұл емес. 2023 жылы компанияға кәмелетке толмағандардың дерегімен дұрыс жұмыс істемегені үшін 345 миллион еуро айыппұл салынған.

Журналист

Factcheck.kz