Техас губернаторы Грег Эбботт балаларды онлайн кеңістікте қорғауға бағытталған заңға қол қойды. Енді Apple мен Google өз қосымша дүкендерінде пайдаланушылардың жасын тексеріп, кәмелетке толмағандар қосымшаны жүктеу немесе сатып алмас бұрын ата-анасының рұқсатын алуға жағдай жасауға тиіс. Бұл туралы SecurityLab қол қойды.
Бұл бастамаға Apple мен Google қарсы шықты. Apple өкілі компания балаларды қорғау идеясын қолдайтынын, бірақ бұл заң пайдаланушылардың жеке дерегіне қауіп төндіретінін айтты. Оның айтуынша, тіпті ауа райы қосымшасы секілді қарапайым сервистер үшін де дерек жинау міндеттеледі. Wall Street Journal мәліметінше, Apple бас директоры Тим Кук заңды қабылдамау туралы губернаторға жеке өзі қоңырау шалған.
Google пікір білдіруден бас тартты. Ал Meta Apple мен Google компаниялары жас мөлшерін тексеру жауапкершілігін өз мойнына алуға тиіс деп есептейді.
Техас мұндай қадамға барған алғашқы штат емес. Биыл осындай заң Ютада да қабылданды. Ал федералдық деңгейде KOSA (Kids Online Safety Act) заң жобасы қаралып жатыр. Сенат құжатты мақұлдағанымен, өкілдер палатасында талқылау тоқтап тұр.
Федералды заң әлі қабылданбағандықтан, жекелеген штаттар өз ережелерін енгізіп жатыр. Бұл жағдай технологиялық алыптар үшін заң әрі бедел тұрғысынан үлкен сынға айналды. Еуропа елдері де осыған ұқсас заңдар қабылдап, ережелерді бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салуды көздейді.
Контекст
Бұған дейін АҚШ Конгресіне Балалардың онлайн қауіпсіздігі туралы заң жобасы (Kids Online Safety Act, қысқаша KOSA) қайта ұсынылды. Егер қабылданса, ол 1998 жылғы Балалардың онлайн құпиялылығын қорғау туралы заңнан (COPPA) кейінгі ең ауқымды өзгерістердің бірі болуы мүмкін.