СIM«Азаттық радиосының» жеті журналисіне аккредитацияны ұзартудан бас тартты

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Азаттық радиосының» қазақ қызметінің жеті тілшісіне аккредитацияны ұзартудан бас тартты. «Власть» жазуынша, бұл туралы «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова Facebook парақшасында хабарлады.

Гүлмира Біржанованың айтуынша, министрліктің бұл шешіміне былтыр қабылданған «БАҚ туралы» жаңа заңындағы талаптар себеп болған. Жаңа ереже бойынша шетелдік БАҚ-тың журналистері аккредитациясыз кәсіби қызметпен айналыса алмайды.

«Бұл – қисынға келмейтін жағдай. Жауапты ұзақ созып, нақты себептерді көрсетпей, министрлік журналистердің конституциялық құқығын өзі шектеп, заң талаптарын бұзып отыр», – деді Біржанова.

Ол «Азаттық радиосының» тілшілері ресми түрде Қазақстанда тіркелген редакцияда жұмыс істейді деді. Жақын күндері сотқа талап-арыз түсірілетіні де белгілі болды. «Азаттық радиосы» бұл ақпаратты растап отыр. Редакция бұған дейін де аккредитация берілмегені үшін сотқа жүгінген. Былтыр 3 қаңтарда министрлік 36 журналиске аккредитация беруден бас тартқаннан кейін, «Азаттық радиосы» сотқа шағым түсірді. Кейбір тілшілерге 2022 жылдан бері аккредитация берілмей келеді. Сол кезде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұл шешімді редакция мен журналистердің «БАҚ туралы заңнаманы бірнеше мәрте бұзғанынан» деп түсіндірген. Алайда нақты қандай заң бұзушылықтар болғанын ашып айтпаған.

Сәуір айының соңында бұл дауға байланысты СІМ мен «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» медиативтік келісімге келіп, журналистер жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алған еді. Алайда келісімнің мазмұны жарияланбаған.

Арада бір ай өткен соң елде «БАҚ туралы» заңы қабылданды. Бұл заң шетелдік медиаларға аккредитация беруден бас тартуға құқық береді. Аталған құжатқа құқық қорғаушылар мен журналистік қауымдастық өкілдері бірнеше рет сын айтқан.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы да жыл сайынғы баяндамасында жаңа заң сөз бостандығына және ақпарат алу құқығына қауіп төндіретінін, билікке «экстремизм насихаты бар» деп танылған материалдар үшін шетелдік БАҚ-ты тіркеуден бас тарту құзыретін беретінін атап өткен.

Басты беттегі сурет «Азаттық радиосынан» алынған.

Журналист

Factcheck.kz