Шерзат Полаттың әкесін полиция 15 күнге қамады, ал әпкесін елден депортацияламақ

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты полиция 15 күнге әкімшілік қамауға алды. Ал әпкесі Бақыт Реймова елден шығарылатын болды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті хабарлады.

“Қоғамдық орында балағат сөздер айтып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны, көлік қозғалысына кедергі жасағаны үшін азамат Қ. Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды”, – делінген хабарламада.

Қаржаубайдың туысы Бақыт Реймова да “митиңге шақырды” деген айыппен 15 күнге қамалды. Өзге ел азаматы болғандықтан ол Қазақстаннан депортацияланады.

Нұрымовтың тағы бір туысы Салтанат Нұрымоваға “ұсақ бұзақылық жасағаны үшін” 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Осы отбасының күйеубаласы Айғазы да қамауға алынды, оған қатысты сот бүгін өтеді.

Бұл жағдай Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың жерлеуінен кейін болып отыр. Желіде Қаржаубай Нұрымовтың әділ тергеу жүргізуді талап еткен видеосы тараған. Отбасының адвокаттары сот шешіміне апелляциялық шағым түсірмек.

Контекст

4 қазанда Алматы облысында 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат бір топ адамның қолынан қаза тапты. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, жиналғандар Шерзат пен ағасын соққыға жығып, Шерзатқа пышақ сұққан. 12 қазанға қараған түні Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті. Марқұмның туыстары істің әділ тергелгенін талап етіп келеді.

Ал 9 желтоқсан күні Талғар маңында Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Полицияның алдын-ала мәліметіне сәйкес, ол “асылып, өзіне қол жұмсаған”. Нұрқанаттың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді. 

Басты беттегі сурет BES.media сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz