DEMOSCOPE бюросы 13-24 қараша аралығында «Қазақстандықтардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Сауалнамаға барлығы 1 100 адам қатысты. Онда азаматтардың көші-қонға қатысты ойы және білікті мамандардың елден кету себептеріне көзқарасы сұралды.
Елден кетуге себеп – төмен жалақы мен жақсы жұмыс табу
Анализге сәйкес, әр бесінші респондент (21%) елден көшуді ойлайды екен. Ал 78,5% қатысушы жақын арада Қазақстаннан кетуді жоспарламайды.
Елден көшуге көбіне жастар мен орта жастағы адамдар ниетті. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 25%-і көшу туралы ойланса, 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30%-ке жақын. Одан кейінгі жас санатындағы әр оныншы адам көшуге нақты бекініп отыр.
Елден кетуді жоспарлаған респонденттердің көпшілігінің себебі – жоғары жалақы алу, елде өздері мен балалары үшін перспективаның жоғы, жақсы жұмыс табу. Бір қызығы, жастардың көбі сапалы білім алуға және өзін-өзі дамытуға ұмтылса, ал орта және егде жастағы азаматтар өздері мен балалары үшін мүмкіндік жоғын айтқан.
Елге келгендердің саны кеткендерден екі есе көп
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы алғашқы үш тоқсанда Қазақстанға 20 мыңнан астам адам көшіп келген, ал елден 10,2 мың адам кеткен дейді. Ресми деректерге сүйенсек, кейінгі екі жылда мигранттар саны елден кеткендерге қарағанда екі есе көп.
Негізі респондеттердің ойынша, алдағы бірнеше жылда елден білікті мамандардың кетуі көбейеді. Ал 21,7% адам елде керісінше мигранттар ағымы артады дейді. Елден кеткен сұранысқа ие мамандар арасында техникалық мамандық иелері, экономистер мен педагогтар, сәулетшілер, құрылысшылар және заңгерлердің үлесі көп.
Сауалнама қоғамның эмигранттарға деген көзқарасы да сұралды. Қазақстандықтардың басым бөлігі (63,3%) отандастарының шетелге қоныс аударуына түсіністікпен қарайды. Респонденттердің 11,4%-і оларды сынаса, 21%-і бейтарап екенін айтты.
Ал эмиграцияға АҚШ (7,7%), Ресей (6,2%), Еуропа елдері (5,1%) және Түркия (4,6%), Канада (2,6%) қолайлы екен.
DEMOSCOPE сараптамасы көрсеткендей, азаматтардың экономикалық әл-ауқатын арттыру, білім сапасын жақсарту, қолжетімді заманауи медицина және қауіпсіздікті күшейту шараларын қабылдау маңызды.
Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізді.