Мамыр айының алғашқы жартысында Украина президенті Владимир Зеленскийдің фотосы желіде кең тарап, талқыға түсті. Сурет Киевте еуропалық көшбасшылармен кездесуден кейін түсірілген. Онда Зеленский жұбайымен бірге артымен тұрған күйі Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерді қарсы алып жатыр. Көпшіліктің назарын шалбардың артқы жағындағы қатпар аударды. Кейбіреулер оны шалбардың сыдырмасы деп ойлап, президент киімді теріс киіп алған деген тұжырым жасады.
Суретті күлкі еткен жазбалар тарап, «Батыс серіктестерімен қарым-қатынас жақсы жүреді, әсіресе шалбардың сыдырмасы артта болғанда» деген сарындағы пікірлер айтылды. Алайда, «Проверено» басылымы бұл фотоны зерттеп, киімге қатысты пікірлердің қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтады.

Сурет қашан және қай жерде түсірілді?
10 мамырда Киевке Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Польшаның премьері Дональд Туск келген. Кездесу басталмас бұрын Зеленский мен жұбайы Елена Зеленская қонақтармен бірге Тәуелсіздік алаңындағы мемориалда қаза тапқандардың рухына тағзым етті.
Желіде тараған фото осы рәсім кезінде, далада түсірілген.
Басқа ракурстан түсірілген суреттер не дейді?
Желіде таралған фото сапасы нашар және бұлыңғыр. Фактчекерлер бір ғана кадрдың киімге қатысты қорытынды жасауға жеткіліксіз екенін айтты.
Сол рәсімнен репортаждар Deutsche Welle, Sky News және AFP сияқты беделді БАҚ-та жарияланған. Ондағы бейнематериалдардан Зеленскийдің алдан көрінісі анық көрінеді әрі шалбары дұрыс.
Сол себепті, президенттің шалбарын теріс киіп алғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Қосымша мәліметтер
- Фотоға қатысты кейбір медиалар Daily Mail-ге сілтеме жасаған. Бұл таблоид 12 мамырда «Зеленскийдің шалбары туралы шындық» деген мақала жариялаған. Онда адамдардың сыдырма деп ойлаған элементі шын мәнінде шалбар қатпары екені, әрі басқа ракурстан түсірілген ондаған суретпен дәлелденгені айтылған.
- Алайда Daily Mail бастапқы ақпарат көзі емес. Алғашқы қауесет 10 мамыр күні X желісінде (бұрынғы Twitter) және Telegram-арналарда шыққан. Ең алғаш осындай сипаттағы жазба «Шейх Тамир» атты Telegram-арнада жарияланып, кейін басқа желілерге де тараған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.