Орталық Азиядағы жалған ақпарат туралы зерттеу жарияланды

Қазанның 22-де Қазақстан жастар ақпараттық қызметі (ҚЖАҚ) «Дезинформацияның Орталық Азия: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан қоғамына ықпалы» тақырбында жүргізген әлеуметтік зерттеуін таныстырды. Зерттеу денсаулық сақтау, жастар және жаппай қырып-жоятын қаруға байланысты тақырыптарда жасалған. Зерттеу 60 сарапшының сұхбаты мен 20 фокус-топтың пікірталасы арқылы жүргізілді.

Зерттеудің алғашқы бөлігі 2022 жылы басталып, кейін 2024 жылдың 1 сәуірінен мен 30 маусым аралығында екінші кезеңін жүргізді. Зерттеу барысында Қазақстандағы 35, Өзбекстан мен Қырғызстандағы 10 және халықаралық ұйымдардағы 5 эксперттен сараптамалық сұхбат алынды. Сондай-ақ, пікірталас үшін Қазақстаннан 15, Өзбекстаннан 5 фокус-топ таңдалған.

Шараға спикер ретінде ҚЖАҚ құрылтайшысы Ирина Медникова, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Беймишева, БАҚ және коммуникация ғылымдары бойынша PhD доктор Рашид Габдулхаков, ECPM жобасының басшысы Султанбек Кайым және Қырғызстаннан келген Evidence Central Asia директоры Кундыз Кадырова мен Өзбекстаннан келген «Daryo.uz» порталының редакторы Эльдар Асанов қатысты. Шарада 40-тан астам сарапшы, соның ішінде зерттеушілер, дәрігерлер және БАҚ мамандары болды.

Қазақстан туралы зерттеу

Зерттеудің ішінде үш елдегі жалған ақппараттың тарауы бойынша негізгі тезистер талданды. Мәселен, эксперттер Қазақстандағы дезинформацияның басым бөлігі ситуациялық тақырыптар екенін атап өткен. Қоғамдағы барлық оқиғаларға қатысты шындыққа жанасымды ақпараттың болмауы себебінен, дезинформация тез пайда болады. Саяси дезинформацияның да ықпалы көп екені айтылды. Қазақстанда денсаулық саласында да жалған ақпарат тарайтыны баяндалды. Тезистердің бірінде блогерлер аудиторияны көбейту үшін денсаулық, диета және ауруларды емдеу жолдары туралы тексерілмеген немесе қате кеңестер беретіні сөз болды. Ұйымның жазуынша, денсаулық сақтау саласындағы дезинформация COVID-19 пандемиясынан кейін көбейе бастады. Фейктердің басым бөлігі осы тақырыпқа байланысты болды деген қорытынды жасалды. Жастар арасындағы орыс және қазақ тілді адамдардың ақпаратты қабылдауында айырмашылық бар екені айтылды. Ал, еліміздегі жергілікті БАҚ үшін жаппай қырып-жоятын қару тақырыбы айтарлықтай өзекті емес. Зерттеуге сүйенсек, қоғамда ядролық қару шынайы қауіп ретінде емес, қорқыту мен қысым көрсету құралы ретінде қарастырылады.

Қырғызстан туралы зерттеу

Қырғызстанда дезинформацияның гендерлік-бағдарланған нарративтерінің танымалдығы байқалады және бұл әйелдерге қатысты кемсітушіліктің күшейейгенін көрсетеді. Денсаулық саласында да жалған ақпарат тарайтыны айтылды. Ұлттық медицинаға деген сенімсіздік тұтастай алғанда ресми медицинаға деген сенімді төмендетіп, «ғажайып» препараттарға сенімді күшейтті. Жастар теледидардағы дезинформацияға аз ұшырайды, бірақ әлеуметтік желілердегі жалған жаңалықтарға көбірек сенгіш болып келеді. Жаппай қырып-жоятын қару саласында ресейлік пропоганданың ықпалы күшті екені белгілі болды.

Өзбекстан туралы зерттеу

Өзбекстанда баспасөз бостандығының шектелуі мен БАҚ тұрғысындағы сауаттың төмен деңгейде болуы елдің дезинформацияға деген осалдылығын арттыратыны айтылды. Зерттеуге сүйенсек азаматтық қоғам мен сарапшылар жеке меншік және шетелдік ақпарат көздеріне көбірек сенеді, өйткені ұлттық БАҚ биліктің қолында деп санайды. Осы тұста шетелдік БАҚ арасында ресейлік ақпараттық ресурстар басымдылығы анықталған. Көп жалған ақпарат фармацевтика саласына қатысты тараған. Telegram мен басқа да әлеуметтік желілер Өзбекстанның ақпараттық экожүйесінің негізіне айналды және көбіне бұрмаланған контент таратады. Жастар арасында дін саласындағы жалған ақпарат басым. Діни дезинформация қасиетті мәтіндерді бұрмаланған түрде түсіндіруден бастап жалған ілімдерді немесе конспирологиялық теорияларды таратуға дейін баруы мүмкін. Өзбекстанда жаппай қырып-жоятын қару тақырыбы жалпы алғанда айтарлықтай өзекті емес деген қорытынды жасалды.

3 елдегі трендтерді салыстыру

Үш елдегі жалған ақпараттардың тарау тақырыптарында айырмашылықтар бар. Мәселен, денсаулық саласында Қазақстанда «ауруларды емдеу» бойынша жалған ақпарат көп тараса, Қырзғызстанда «дәстүрлі медицина», Өзбекстанда «дәрі-дәрмек пен ББҚ-лар» туралы дезинформация көп тарайды. Алайда, ортақ тақырыптар да бар. Үш елде де діни нанымдар мен деструктивті идеологиялар, жылдам ақша табу мүмкіндігі, тұрғын үй және ипотека сияқты тақырыптарда жалған жаңалықтар тарайды. Зерттеуге сүйенсек, үш елдегі жастар негізінен блогерлер тарататын ақпаратқа сенеді. Қазақстан мен Қырғызстанда жалған ақпараттардың басым бөлігі WhatsAp-та тараса, Өзбекстанда Telegram арқылы жарияланады. Сондай-ақ, үш елде де TikTok пен Instagram-да жалған ақпарат легі көп.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz