Олаф Шольцтың Киевке сапары аяқталды: тараптар не айтты?

Германия канцлері Олаф Шольц 2 желтоқсанда Киевке сапарын аяқтап, X әлеуметтік желісінде Ресей президенті Владимир Путинге арнап пост жариялады. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

“Путинге Киевтен жолдауым:

Біз ұзаққа барамыз. Украинаны бұрынғыдан кем қолдамаймыз. Украина халқын қанша қажет болса, сонша қолдаймыз”, – деп жазды Шольц.

Украина президенті Владимир Зеленский Шольцтің жақында Путинге хабарласқанына разы емес екенін білдіріп, Батыстың басқа лидерлерін Ресей президентіне телефон соқпауға үндеді.

Зеленскийдің пікірінше, мұндай қоңыраулар “Украинаның күшейуіне көмектеспейді”, тек “Путинді мойындау толқынын” бастайды. Ол Германиямен алысқа ұшатын Taurus зымырандарын жеткізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз деді. Зеленскийдің сөзінше, “кейбір мәселе бойынша” Шольцпен келіспейтін тұстар бар.

Бірақ канцлер Taurus зымырандарына қатысты ешнәрсе айтқан жоқ. Негізі ол Украинаға мұндай қару беруге үзілді-кесілді қарсы болып келген, оның пікірінше, бұл соғысты өршітіп жіберуі мүмкін.

Шольц Германия Украинаға тағы бір IRIS-T деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін, Gepard атты өздігінен жүретін зенит қондырғылар мен Sea King деген тікұшақтар береді деп мәлімдеді. 

Зеленский “Ресей соғысты тоқтату үшін не істеуі керек?” деген сұраққа: “Бізді өлтіріп жатқанын, ал біз өзімізді қорғап жатқанымызды, жоспарымыз өзгермегенін түсінгені жөн” деп жауап қатты.

Ал Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийдің не айтқанын естімегенін және Ресейде қазір “конструктивті күн тәртібі” екенін айтты.

Контекст

Қарашада Олаф Шольц 2022 жылғы желтоқсаннан бері алғаш рет Владимир Путинге хабарласқан, Германия канцлері Ресей президентін Украина аумағынан әскерін шығарып, қақтығысты шешудің дипломатиялық жолын табуға шақырған еді. Қарашадағы телефон әңгімесі бір сағаттан астам уақытқа созылды. Ол бойынша пікір білдіргенде Шольц телефон соғып әңгімелесудің пайдасы жоқ деді.

Басты беттегі сурет РБК-Україна Телеграм арнасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz