Мәжілісте алдағы уақытта «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралады

Алдағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің ресми сайтында хабарланды.

Оған дейін палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжіліс бюросының отырысы өтіп, жалпы отырыстың күн тәртібі бекітілген.

Бірінші оқылымда депутаттар қарауына «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң жобасы мен оған қатысты түзетулер ұсынылмақ. Заң жобасын Мәжіліс депутаттары әзірлеген және ол жасанды интеллект технологияларын қолдануға қатысты бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.

«Түзетулер жасанды интеллекті қолданатын өнімдерге қатысты тұтынушылардың құқығын қорғауды, мұндай жүйелер арқылы өңделетін дербес деректердің қауіпсіздігін, сондай-ақ ЖИ көмегімен жасалған медиаконтенттің таралу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар жасанды интеллект жүйелерінің иелеріне немесе пайдаланушыларына әкімшілік жауапкершілік енгізіледі», – делінген сайтта.

Мәжілістің жалпы отырыстары сәрсенбі және бейсенбі күндері өтеді.

Контекст

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған енгізілетін өзгерістерді талқылаған. Депутат Екатерина Смышляева заң жобасының негізгі тұстарын түсіндіретін құжатты жариялады. Оған сәйкес, ЖИ жүйелерін үш топқа бөлу жоспарланып отыр: көмекші (ассистенттер), жартылай автономды және толық автономды жүйелер. Толық автономды жүйелер – алдын ала берілген нұсқауларға тәуелсіз шешім қабылдайтын және иесінің бақылауына көнбейтін жүйелер. Қазақстанда мұндай технологияларды жасауға және пайдалануға тыйым салынбақ.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz