Meta компаниясы WhatsApp, Messenger және Instagram арқылы қолданушыларға өздігінен хабарлама жолдайтын жасанды интеллект чат-боттарын сынап жатыр. Мысалы «Кино сиқырының шебері» атты ЖИ бір қолданушыға: «Күніңіз жақсы өтіп жатыр деп үміттенемін! Жаңа саундтректер тыңдадыңыз ба? Әлде киноға кеңес керек пе?» деп жазуы мүмкін. Бұл туралы TechCrunch хабарлады.
Business Insider жариялаған құжаттарға сәйкес, бұл бастама Meta мен Alignerr атты деректерді таңбалау компаниясы бірлесіп жасап жатқан жобаның бөлігі. Басты мақсат – Meta платформасында ЖИ чат-боттар бұрынғы диалогтарды есте сақтап, адамдарға қайта хабарласа алатындай ету.
Meta компаниясы TechCrunch-ке бұл жүйенің сынақ режимінде екенін растады. Чат-бот тек қолданушы өзі бастап, 14 күн ішінде кемінде бес хабарлама жіберсе ғана кері байланыс жасай алады. Егер жауап болмаса, бот хабарламаларын тоқтатады. Пайдаланушылар бұл боттарды тек өзі үшін сақтап немесе сілтеме, сторис не Instagram/Facebook профилі арқылы жариялай алады.
Meta өкілі бұл жаңашылдық қолданушылардың қызығушылығына сай тақырыптарды тереңірек зерттеп, ЖИ-мен мазмұнды диалог жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты. Мұндай технология Character.AI мен Replika сынды компаниялар ұсынған сервистерге ұқсас.
Сонымен қатар Meta чат-боттардың қауіпсіздігіне қатысты ережелер жариялады. Компания ЖИ берген кеңестер маңызды шешімдерге негіз болмауы керек екенін ескертеді және олар медицина, психология немесе заң саласындағы кәсіби көмекке балама бола алмайтынын айтады.
Meta чат-боттарды пайдалану жасы бойынша қандай да бір шектеулер енгізгенін айтпады. Бірақ кей штаттар мен елдерде заң бойынша жасөспірімдердің ЖИ пайдалануына шектеу бар.
Сырттай бұл бастама Марк Цукербергтің «жалғыздық эпидемиясымен» күресу ниетімен байланысты сияқты көрінгенімен, Meta-ның негізгі табысы жарнамадан түсетінін ескерсек, бұл ЖИ жобалардың басты мақсаты қолданушыларды көбірек тарту болуы мүмкін.
Сот құжаттарына сәйкес, Meta 2025 жылы жасанды интеллект өнімдері арқылы 2–3 миллиард доллар табыс түсіреді деп болжап отыр. Ал 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,4 триллион долларға жетуі мүмкін. Бұл табыстың басым бөлігі Meta-ның Llama AI моделін басқа компанияларға ұсынуынан келмек.
Meta әзірге ЖИ чат-боттардан қалай пайда табатынын, жарнамалар немесе жазылым жүйесін енгізуді жоспарлап не жоспарламайтынын, сондай-ақ бұл боттарды Horizon-мен біріктіру ойы бар-жоғын нақтыламады.