Meta корпорациясы физикалық жұмыстарды атқаратын роботтар жасайтын жаңа команда құрып жатыр. Бұл команда Reality Labs бөлімшесінің құрамында жұмыс істейді және тұрмыстық істерді орындай алатын гуманоид роботтардың құрылғыларын әзірлеуге жауапты болады. Бұл туралы TechCrunch басылымы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Жаңа робототехника бөліміне бұрын Cruise компаниясын басқарған Марк Уиттен жетекшілік етеді. Команда аппараттық жасақтамамен бірге роботтарға арналған жасанды интеллект пен бағдарламалық қамтамасыз етуді де дамытады. Уиттен бұған дейін Amazon, Microsoft және Sonos сынды ірі технологиялық компанияларда қызмет атқарған.
Алайда Meta әзірге өз логотипі бар жеке робот шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Компания басшылығы Meta-ның робототехника саласында ортақ технологиялық негіз қалыптастыруға мүмкіндігі бар деп есептейді. Бұл Google-дың Android операциялық жүйесін жасап, смартфон индустриясына әсер еткеніне ұқсас стратегия болуы мүмкін.
Bloomberg дерегінше, Meta қазірдің өзінде робототехника саласындағы Unitree Robotics және Figure AI жетекші компанияларымен серіктестік орнатуды қарастырып, прототиптер әзірлеу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.