Meta өнімдеріндегі ықтимал қатерді ЖИ арқылы сараламақ

Meta алдағы уақытта Instagram мен WhatsApp жаңартуларының 90%-ына жуық ықтимал қауіп пен құпиялық қатерін жасанды интеллект арқылы автоматты түрде сараламақ. Бұл туралы TechCrunch жазды.

2012 жылы Facebook пен АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы (FTC) арасында жасалған келісімге сәйкес, компания өз өнімдеріне қатысты құпиялық тексерістерін жүргізуге міндеттелген. Яғни кез келген жаңартуға дейін оның адам құқығына, әсіресе құпиялыққа зияны болуы мүмкін деген қатерлер алдын ала саралануға тиіс. Бұған дейін тексерісті компания мамандары жүргізетін. Ал жаңа жүйе бойынша, өнім әзірлеушілер арнайы сауалнама толтырып, кейін ЖИ қауіптерді анықтап, жаңартуға қойылатын талаптармен бірге автоматты шешім ұсынбақ.

Бұл тәсіл өнімдерді тезірек жаңартуға мүмкіндік береді, алайда бұрынғы басшылардың бірі NPR медиасына мұндай жүйе «қауіптің күшеюіне әкелуі мүмкін» деп мәлімдеген.

Meta компаниясының ресми өкілі бұған байланысты: «Біз құпиялық бағдарламамызға 8 миллиард доллардан астам қаражат салдық және инновациялық өнімдерді ұсына отырып, заң талаптарын орындауға міндеттіміз. Ықтимал қатерлер өзгеріп, бағдарламамыз жетілген сайын, біз оларды дер кезінде анықтап, шешім қабылдау процесін жеңілдетіп, қолданушылардың тәжірибесін жақсарту үшін жүйемізді үнемі дамытып отырамыз. Төмен тәуекел деңгейінде бірізділік пен болжамдылықты қамтамасыз ету үшін технологияны пайдаланамыз, ал күрделі мәселелерге келгенде сарапшыларға жүгінеміз», — деп жауап берді.

Журналист

Factcheck.kz