Кейінгі жылдары Meta өз қосымшаларына жасанды интеллектке негізделген әртүрлі функцияны енгізіп келеді. Тіпті компания жеке профилі мен мінез-құлқы бар ЖИ кейіпкерлерін жасап, кейін олардың қажетсіз әрі оғаш болып көрінетінін түсініп, жобадан бас тартқан еді. Енді Meta Instagram-дағы пікірлерді ЖИ көмегімен жазуды ұсынбақ. Бұл туралы TechCrunch хабарлады.
Әлеуметтік желілердің жаңа функциясын жиі сынайтын X қолданушысы Джона Манзано Instagram-да «Meta AI көмегімен жазу» деген тетікті байқаған. Бұл функцияда ЖИ постарға пікір жазу бойынша ұсыныс береді.
Манзаноның видеосына сәйкес, функция қолданушыларға жазбадағы мәтін жолағының жанында қарындаш түрінде көрінеді. Оны басқан кезде Meta AI суретті талдап, үш түрлі пікір ұсынады.
Мысалы постта адам қонақ бөлмеде бас бармағын көтеріп күлімсіреп тұрса, ЖИ «Тамаша қонақ бөлме!», «Жайлы атмосфера ұнайды» немесе «Суретке түсуге керемет орын» деген пікірлерді ұсынуы мүмкін. Егер қолданушы бұл пікірлерді ұнатпаса, жаңасын сұрай алады.
Дегенмен қолданушылар Instagram-дағы пікірлердің ЖИ арқылы жазылуына қарсы болуы мүмкін. Өйткені көбі жаңа функцияны жасанды әрі артық дүние деп ойлауы ықтимал.
Әзірге Meta бұл функцияны барлығына бірдей қашан енгізетіні белгісіз. Компания Facebook-те де ЖИ арқылы пікір жазу функциясын сынағанын ескерсек, бұл бағыттағы эксперименттер әлі де жалғасуы мүмкін.