Кола мен картоп фри мигреньге көмектесе ме?

2025 жылы әлеуметтік желіде ерекше кеңес тарап, көпшіліктің талқылауына түсті. Мигреньнің алғашқы белгілері байқалғанда бірден кола ішіп, картоп фри жесең, ауырсыну басылады-мыс. TikTok-та лезде тараған бұл «лайфхак» кейін түрлі блог-платформалар мен денсаулық туралы сайттарда да талқыланды.

Кеңесті қолдаушылар мұны тамақ құрамындағы кофеин, тұз және қантқа байланысты дейді. «Проверено» басылымы ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Мигрень — жүйке жүйесінің күрделі бұзылысы, ол бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылатын қатты бас ауруы. Көбіне ауру бір жақ шекеде білініп, пульс тәрізді соғады. Ауырсынуға қоса жүрек айну, жарық пен дыбысқа сезімталдық, кейде көру мен сөйлеу бұзылыстары да қатар жүруі мүмкін. Мигрень әсіресе әйелдер мен ірі қала тұрғындары арасында жиі кездеседі. Оны қоздыратын негізгі факторлар қатарына күйзеліс, ұйқы режимінің бұзылуы, гормондық өзгерістер, ауа райының ауысуы, сондай-ақ кейбір тағамдар мен сусындар жатады.

«Проверено» платформасы кола мен картоп фриді қатар қолдану мигрень ұстамасының алдын алады немесе жеңілдетеді дегенді ғылыми түрде растайтын зерттеу таппады. Бұл өнімдердің әсері мигреньмен ауыратын адамдардың жағдайына қалай ықпал ететіні арнайы зерттелмеген. Дегенмен бұл тағамдардың құрамындағы негізгі белсенді заттарды бөліп алып, олардың әрқайсысының ағзаға, әсіресе мигрень кезінде, қалай әсер ететінін жеке қарастыруға болады.

Мәселен кола құрамындағы кофеиннің белгілі бір жағдайда пайдасы болуы мүмкін. Ғалымдар оның қан тамырларын тарылтып, ауырсынуды азайта алатынын айтады. Сонымен қатар кофеин асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартып, ауырсынуды басатын дәрілердің әсерін күшейтуге көмектеседі. Алайда оның әсері екіұшты: кейбір адамдарда кофеин мигреньді қоздыруы мүмкін. Бұдан бөлек, кола құрамындағы қант мөлшері өте жоғары, бұл қан құрамындағы глюкоза деңгейінің күрт өзгеруіне әкеліп, мигреньді күшейтуі ықтимал. Сондықтан дәрігерлер мигреньге бейім адамдарға тәтті сусындардан бас тартуға кеңес береді.

Картоп фри де даулы өнімдердің қатарында. Қуырылған, тұзы мол тағамдар мигреньдің пайда болу қаупін арттырады. 2022 жылы Ливанда жүргізілген зерттеу фастфудты аптасына екі реттен жиі тұтынатын адамдарда мигрень қаупі 1,36 есе жоғары болатынын көрсетті. Ал 2020 жылы Египет ғалымдары да осы сияқты қорытындыға келген: қуырылған және тұзды тағамдарды жиі жейтін адамдарда созылмалы мигрень жиі кездеседі, ал олар дәрігерге тек жекелеген ұстамалар кезінде ғана жүгінеді. Мамандар мұны қуырылған тағам құрамында омега-6 май қышқылдарының, әсіресе линол қышқылының жоғары болуынан дейді. Бұл заттар ағзада қабыну тудыратын медиаторлардың бөлінуін күшейтіп, нәтижесінде ауырсынуға деген сезімталдықты арттырады.

Диетолог Никола Ладлам-Рейн HealthLine басылымына берген пікірінде кейбір адамдарға кола мен картоп фридің үйлесімі мигрень кезінде ауруды уақытша жеңілдетуі мүмкін екенін мойындайды. Алайда ол бұл тәсілді үнемі қолдануға болмайтынын ескертеді. Өйткені фастфудты тұрақты түрде тұтыну денсаулыққа ұзақ мерзімді зиян келтіріп, мигрень ұстамаларының жиілігі мен ауырлығын арттыруы мүмкін. Мәселен коладағы қант мөлшерінің жоғары болуы семіздік, II типтегі қант диабеті және тісжегінің даму қаупін күшейтеді. Ал кофеиннің шектен тыс мөлшері ұйқы бұзылыстары мен мазасыздыққа себеп болады. Картоп фридегі қаныққан майлар мен тұз жүрек-қан тамыр ауруларының, гипертония мен метаболикалық бұзылыстардың пайда болуына әсер етеді.

Қорыта айтқанда, мигрень кезінде кола мен картоп фри тұтыну — ғылыммен негізделмеген кеңес. Кофеин кейбір адамдарға жеңілдік әкелуі мүмкін, алайда қант пен май мөлшерінің жоғары болуы, керісінше ауруды ушықтырып жіберуі ықтимал. Фастфудты үнемі тұтыну тек мигрень ғана емес, ұзақ мерзімді денсаулық проблемаларына да себеп болуы мүмкін. Сондықтан бас ауруымен жиі ауыратын адамдар үшін ең тиімді жол — салауатты өмір салтын ұстанып, ауруды қоздыратын факторлардан сақтану.

Журналист

Factcheck.kz