Kloop басылымының екі қызметкері «жаппай тәртіпсіздікке шақыруға қатысты» деген күдікпен қамауға алынды

28–29 мамырда Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Kloop ақпарат агенттігінің қазіргі және бұрынғы қызметкерлерін ұстады. Кейін белгілі болғандай, видеооператор Александр Александров пен бұрынғы қызметкер Жоомарт Дуулатовқа «жаппай тәртіпсіздікке шақыруға сыбайлас ретінде қатысқан» деген айып тағылды. 30 мамырда Бішкектің Первомай аудандық соты оларды 21 шілдеге дейін тергеу изоляторына қамау жөнінде шешім шығарды. Бұл туралы Kloop хабарлады.

28 мамырда Бішкек пен Ош қалаларында ҰҚМК қызметкерлері Kloop агенттігінің бірнеше қызметкері мен бұрынғы журналистерін ұстады. Атап айтқанда, Зыягүл Болот кызы, Айдай Эркебаева, Александр Александров, Жоомарт Дуулатов пен Зара Садықалиева ұсталған. Дуулатовпен бірге оның досы Аяна Касымалиева, ал Эркебаевамен бірге оның құрбысы да ұсталған. Kloop қызметкерлерінің үйлерінде тінту жүргізіліп, олардың телефон, компьютер секілді техникалары тәркіленген.

Күдіктілерді тергеу бір күн бойы жалғасқан. Тергеушілер адвокаттарды ішке кіргізбей, ұстау себептері туралы ақпарат бермеген. Адвокат Бақыт Автандилдың айтуынша, тінтулер Қылмыстық-процестік кодекс талаптарын бұза отырып жүргізілген: туыстары мен ұсталғандардың өздеріне тінту хаттамасы мен сот санкциясының көшірмесі көрсетілмеген, алынған техникаларға сараптама жасалмаған.

Кешке қарай ұсталған бес адам ҰҚМК-дан босатылған. Олардан ақпарат таратпау туралы қолхат алынған. Тергеуде олар куәгер ретінде сұралған, алайда гаджеттері қайтарылмаған. Александров пен Дуулатов қамауда қалды.

29 мамыр күні Kloop редакциясының тағы екі қызметкері — Абдил Торобаев пен Сымбат Баймурзаева ұсталған. Торобаев бірнеше сағат бойы адвокатсыз тергелгеннен кейін босатылған. Ал Баймурзаеваны алдымен Kloop-тың техникалық кеңсесіне алып келіп, ондағы техника мен бухгалтерлік құжаттарды тәркілеген, кейін оны ҰҚМК кеңсесіне жеткізіп, 30 мамыр таңына дейін тергеген. 30 мамыр күні күндіз Kloop-тың есепшісі де ұсталғаны белгілі болды.

Kloop мәліметінше, президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбеков Facebook парақшасында ҰҚМК тарапынан редакцияға жасалып жатқан қысым жоғары лауазымды шенеуніктер мен олардың туыстары жайлы журналистік зерттеулерге байланысты болуы мүмкін деген болжам айтқан. Сонымен қатар ол ұсталған қызметкерлер бұрын коррупцияға қатысты журналистік зерттеулер жүргізіп, кейін Қырғызстаннан депортацияланған Болот Темировтен қаржы алған деп мәлімдеген. Алайда бұл мәлімдемені Kloop негізін қалаушы Ринат Тухватшин мен Болот Темировтің өзі жоққа шығарды.

Kloop журналистерінің жаппай ұсталуын «Шекарасыз репортёрлар» халықаралық ұйымы мен Amnesty International айыптады.

Басты беттегі сурет: Апрель

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz