Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған қырғыз әншісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Қайрат Пірімбердиевтің үстінен «Нәсілдік, этникалық, діни және ұлтаралық араздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Азаттық Радиосы Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне сүйеніп хабарлады.

Әншінің үстінен іс қозғауға Қазақстандағы AIRAN YouTube-арнасына берген сұхбаты себеп болған. ҰҚМК Пірімбердиев сұхбатта «араздық қоздыратын мәлімдемелер жасаған» деді.

9 қаңтарда AIRAN YouTube-арнасында «Қырғыздардың қазақтардан қандай айырмашылығы бар? Қырғызстандағы демократияға кім кедергі болды?» деген тақырыпта бір сағаттан асатын видео шыққан. Онда қырғыз елінің түрлі саладағы сарапшылары мен өкілдері Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы жөнінде сұхбат өрбіткен.

Видеода 19-ғасырда өмір сүрген қазақ ханы Кенесары Қасымұлы туралы да сөз болған. Қазақстандық журналистер «Орман хан соншалық қатыгездік танытпай, тату көрші екенін көрсетсе болар ма еді?» деген сұрақ қояды.

Қайрат Пірімбердиев «Орман хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болды, бұл үшін өз атымнан қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді» деп жауап берген. Бұл қоғамда қызу пікірталас тудырып, кейін әнші AIRAN арнасына осы тарихи оқиғаға қатысты айтқан жауабы толық шықпай қалғанын мәлімдеді.

Қазір тергеу жүріп жатыр. Әншінің кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ведомство әншінің елден шығуына да тыйым салды.

Журналист

Factcheck.kz