Әзербайжанда полиция Meydan TV тәуелсіз басылымының журналистерін ұстады

Meydan TV редакциясы 6 желтоқсанда басылымның кейбір қызметкерлері байланысқа шықпағанын хабарлаған. Артынша Айнұр Ганбарова, Айтак Ахмедова, Хаяла Агаева, Натиг Джавадлы, Айсель Умудова және Рамин Джабраилзаде Баку қалалық полиция басқармасында ұсталғаны белгілі болды.

“Аталған кейбір журналистердің үйлерінде тінту болды. Жеке жабдықтар мен оларға тиесілі заттар тәркіленді”, – делінген хабарламада.

Жергілікті ІІМ ақпараты бойынша, Джабраилзаде елге шетел валютасын заңсыз әкелді деген ақпаратқа байланысты ұсталған.

“Meydan TV басшылығы журналистерді ұстау мен жауап алудың заңсыз екенін және барлық айыптауды жоққа шығаратынын хабарлайды. Қызметіміз басталғалы бері журналистерімізді қамады, олардың отбасы қысым мен қауіп-қатерге ұшырады. Бізде істейтін журналистерге елден шығуға заңсыз тыйым салынды”, – деп басылым өз қызметін жалғастыратынын жазды.

Журналистер қамауға алынғаннан кейін Meydan TV олардың “контрабандаға” қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын анықтады. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл айыптауларды ойдан шығарылған деп, журналистерді дереу босатуға шақырды.

Meydan TV тәуелсіз сайты 2017 жылдан бастап Әзербайжан аумағында ресми түрде бұғатталғанын айта кетейік. Арнаның әлеуметтік желілердегі аккаунттары бұған дейін бірнеше рет кибершабуылға ұшыраған.

Басты беттегі сурет Meydan.tv сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz