Әзербайжан Ресейге қарсы халықаралық сотқа шағым түсірмек

Әзербайжан билігі AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырауына байланысты Ресейге қарсы халықаралық сотқа шағым түсірмек. Бұл туралы Deutsche Welle «АПА» агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Әзербайжан тарапы AZAL ұшағына оқ атуға бұйрық берген және шабуыл жасаған адамдар туралы мәліметке ие екенін, сондай-ақ қолданылған қарудың түрі белгілі екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Әзербайжан Қазақстанның Көлік министрлігі апатқа қатысты алдын ала есебін жариялағаннан кейін де ресейлік тараптың біржақты пікір білдіруді жалғастырып отырғанына алаңдады.

«Ресейдің ресми өкілдері, сарапшылары мен БАҚ бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарып, жауапкершілікті экипажға аударуға тырысып жатыр», – деп мәлімдеді Әзербайжан билігі.

Бакудың ресми пікірінше, Ресейдің бұл тактикасы 2014 жылы Украинаның Донбасс аймағы үстінде Малайзияның Boeing 777 ұшағын ресейлік «Бук» зениттік-зымыран кешенімен атқанын еске салады. АПА агенттігінің жазуынша, Ресейдің тергеуді басқа бағытқа бұру және экипажға кінә арту әрекеттері Әзербайжан билігінің ашу-ызасын тудырып отыр. Оған қоса, Баку Ресеймен диалогқа дайын екенін, бірақ Мәскеу өз кінәсін мойындап, жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс деп айтты.

«Егер бұл орындалмаса, Әзербайжан бұдан кейінгі қадамдарға дайын», – делінген мәлімдемеде.

Контекст

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағанын еске салайық. Салдарынан 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Euronews басылымы бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Ресей президенті Владимир Путин өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.

Басты беттегі сурет ТЖМ сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz