Өзбекстанда Сенат төрайымының атынан фейк видео тарады

Өзбекстанның интернет кеңістігінде белгісіз адамдар ел Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева атынан жалған ақпарат таратқан. Олар оның Ресей мен Украина арасындағы соғысқа өзбекстандықтардың қатысуы заңды деген «сөзін» келтіріп, жалған сайт құрған. Курсив хабарлауынша, жалған материал Anhor.uz порталының дизайнына ұқсастырылып жасалған.

Кейінірек Олий Мажлис (Өзбекстан парламенті) Сенатының баспасөз қызметі интернетте тараған бұл видеоның қолдан жасалғанын мәлімдеді. Бейнежазбада Нарбаева айтқан делінген сөздер шындыққа жанаспайды.

Мәліметке қарағанда, өзбекстандықтардың соғысқа қатысуын заңды деп көрсеткен видео жасанды интеллектің көмегімен жасалған.

«Сенаттың ақпараттық қызметі бұл жалған хабарламаны қатаң түрде айыптайды және мұны арандатушылық әрекет деп есептейді», – делінген ресми мәлімдемеде.

Контекст

Наурызда Өзбекстанда бір топ депутат жасанды интеллект технологияларын қолдануға байланысты заң жобасын ұсынған. Оған сәйкес, жасанды интеллект арқылы жасалған ақпараттық ресурстар таңбалануға тиіс. Мұндай ресурстар мен солардың негізінде жұмыс істейтін жүйелер адам өміріне, денсаулығына, бостандығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, басқа да құқықтарына зиян келтірмеуі керек.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz