Өзбекстанда бір топ депутат жасанды интеллект технологияларын қолдануға байланысты заң жобасын ұсынды. Бұл туралы Uz Daily жазды.
Құжатта «жасанды интеллект» ұғымының анықтамасы беріледі, оның әзірленуі мен қолданылуына қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары белгіленеді. Оған қоса бұл саланы қадағалайтын уәкілетті органның міндеттері айқындалады.
Заң жобасына сәйкес, жасанды интеллект арқылы жасалған ақпараттық ресурстар таңбалануға тиіс. Мұндай ресурстар мен солардың негізінде жұмыс істейтін жүйелер адам өміріне, денсаулығына, бостандығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, басқа да құқықтарына зиян келтірмеуі керек.
Құжат аясында ЖИ арқылы адам құқықтары мен бостандығына қатысты шешім қабылдауына тыйым салынады.
Бұдан бөлек, заң жобасына жасанды интеллект технологиялары арқылы жеке деректерді заңсыз өңдеуге әрі оларды БАҚ пен интернетте таратуға жауапкершілік енгізіледі.
Контекст
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) қолдануды реттейтін заң жобасын таныстырды. ЖИ туралы заң жобасы жеті тарау мен 27 баптан тұрады. Құжатта ЖИ жүйелерін қауіп деңгейі мен автономдылық дәрежесіне қарай жіктеу қарастырылған. Адамсыз жұмыс істей алатын жүйелерге тыйым салынуы мүмкін.