Қытайда қонақүй тазалайтын робот таныстырылды

Қытайда қонақүй тазалығына жауап беретін адам кейпіндегі Zerith H1 роботы таныстырылды. Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін робот жуынатын бөлме, әжетхананы тазалап, сүлгі мен сабынды ауыстырып, қоқысты шығара алады және барлығын адамсыз орындайды. Бұл SecurityLab жазды.

Zerith H1 – арнайы қонақүй индустриясы үшін жасалған робот. Ол тар дәліздерде оңай қозғалып, жиһаз көп бөлмелерде де еркін жұмыс істей алады. Кеңістікті дәл бағдарлап, тіпті едендегі затты көтеріп, тәпішке мен косметиканы орнына қояды.

Келешекте бұл робот бөлмеге сүлгі жеткізу, қонақ кеткеннен кейін бөлмені ретке келтіру сияқты басқа да қызметтерді атқаруы мүмкін. Өндірушілердің айтуынша, Zerith H1 адамдарды алмастырмайды, тек ауыр әрі бірсарынды жұмыстарды істейді.

Zerith стартапы 2025 жылы Цинхуа университеті мен ірі техноорталықтардың қолдауымен құрылып, қысқа уақыт ішінде миллиондаған инвестиция мен алғашқы тапсырыстарды алып үлгерді. Компания жыл соңына дейін 500-ден астам роботты қонақүй, білім және көрме салаларына жеткізуді жоспарлап отыр.

Контекст

19 сәуірде Бейжің маңындағы Ичжуан ауданында 21 адам кейпіндегі робот мыңдаған әуесқой жүгірушімен бірге жартылай марафон жүгірді. Бұл — роботтар адамдармен бірге 21 шақырымды жүгіріп өткен алғашқы жағдай.

Журналист

Factcheck.kz