Қырғызстан соты “Азаттықтың” медиа ретінде қызметін тоқтатты

Ленин аудандық сотының судьясы Чолпон Кәрімбаева Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігінің “Азаттык Үналгысы” сайтының ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтатуға қатысты шағымын қанағаттандырды. Шешім 27 сәуірде қабылданды. Бұл туралы “Азаттық Үналгысы” сайтының өзі хабарлады.

Алайда “Азаттық” медиасының заңгерлері сот шешімімен келіспейді. Адвокат Тимур Сұлтановтың айтуынша, сотта судья олардың дәлелдерін “естімеген”.

Тараптардың пікірталқысында біз заңда және Конституцияда көзделген дәлелдерді келтірдік. Өкінішке қарай, сот бізді естімеді. Сол кезде айтқанымдай, сот шешімі азаматтардың шынайы ақпаратты алуға және таратуға құқығы бар ма, әлде бұл құқық Конституцияда жай ғана атаулы түрде жазылған ба – соны көрсетуі керек болды. Бүгінгі шешім осы сұрақтарға жауап берді.

Т. Сұлтанов

Редакция сот үкіміне шағым түсірмек. Заң бойынша, олардың 30 күні бар.

Айта кетейік, Қырғызстан билігі Ленин аудандық сотына “Азаттык Үналгысы” редакциясының елдегі жұмысын толық тоқтатуға қатысты шағым жолдаған. Бұл туралы Азаттықтың өзі 2023 жылғы 23 қаңтарда хабарлады.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайттың қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды өшірмегені жазылған. Министрліктің мәлімдеуінше, редакцияның бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, өзге ұлттарға қатысты ұлттық және діни төзімсіздікке тыйым салатын “Бұқаралық ақпарат туралы” заңға қайшы.

Ал Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қырғызстан билігінің бұл шағымын сынады. Ұйым Қырғызстанның “Азаттық Үналгысы” сайтын жабу әрекеті елдегі сөз бостандығы мен еркін пікір білдіру құқығына жасаған елеулі шабуылы болып саналады. Оған қоса бұл журналистер мен билікті сынаған басқа адамдарды қудалауды күшейтеді.

Factcheck.kz