Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар жөніндегі басқармасы (CMA) Google компаниясына қатысты жаңа ереже енгізуді қарастырып жатыр. Бұл ереже күшіне енсе, Google пайдаланушыларға басқа іздеу жүйелерін де таңдауға, іздеу нәтижелерін әділ орналастыруға және баспагерлерге өз материалдарының қалай пайдаланылатынын бақылауға мүмкіндік беруге міндетті болады. Бұл туралы TechCrunch жазды.
Жаңа цифрлық нарықтарға арналған бәсекелестік ережелері биыл күшіне енген. Соған сәйкес, CMA қазір Google-ды «стратегиялық нарық ойыншысы» ретінде тану мәселесін талқылап жатыр.
Егер Google осындай мәртебеге ие болса, онда компания келесі талаптарға бағынуға тиіс:
- Пайдаланушыларға тек Google-ды емес, басқа іздеу жүйелерін де таңдау мүмкіндігін ұсыну;
- Іздеу нәтижелерін әділ және бейтарап түрде орналастыру;
- Google іздеу жүйесі мен жасанды интеллект (мысалы, AI Overviews немесе Gemini) пайдаланатын контент бойынша баспагерлерге көбірек бақылау беру;
- Пайдаланушылардың дерегін (мысалы, іздеу тарихын) басқа платформаларға көшіру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
«Ұлыбританиядағы компаниялар былтыр Google-дың іздеу жарнамасына орта есеппен әрқайсысы 33 мың фунт стерлиң жұмсады. Ал Google елдегі іздеу сұранысының 90%-дан астамын қамтып отыр. Егер бәсекелестік дұрыс жұмыс істеп тұрса, мұндай шығын аз болар еді», – деп жазды CMA басшысы Сара Карделл.
Сара Карделлдің айтуынша, бұл ұсынылып отырған шаралар британдық компаниялар мен тұтынушыларға Google қызметін пайдалануда көбірек таңдау және бақылау мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, бұл шаралар технологиялық салада бәсекені арттырып, жаңа идеялардың пайда болуына жол ашады.
Қазір CMA осы ұсынысқа қатысты сала өкілдерінің пікірін жинап жатыр. Google-ға қатысты бұл шешім 2025 жылғы 13 қазанға дейін қабылданады.
Ал Google бұл мәселеге байланысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.