Кейінгі он айда Ұлттық банктің антифрод-орталығы 63 мыңнан астам алаяқтық әрекетті тіркеп, жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеге жуық күмәнді қаржылық операцияның алдын алған. BES.media жазуынша, бұл туралы Алматыда өткен брифиңде вдеомство өкілдері мәлімдеген.
Қазіргі уақытта антифрод-орталық құрамына 200-ден астам қатысушы кіреді. Олардың қатарында екінші деңгейлі банктер, микроқаржылық ұйымдар, ұялы байланыс операторлары, құқық қорғау органдары мен қаржы секторын қадағалаушы құрылымдар — Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар.
Мамандардың айтуынша, кең таралған алаяқтық түрлері мыналар:
- жалған қоңыраулар;
- күмәнді инвестициялық ұсыныстар;
- үшінші тарап атынан әрекет ететін «дропперлер».
Орталық алдағы уақытта алаяқтық схемаларды жасанды интеллект көмегімен алдын ала болжау жүйесін жетілдірмек. Бұл үшін Бас прокуратура мен байланыс операторларының мәліметтер базасымен біріктіру көзделіп отыр.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, қазірдің өзінде бір ұялы байланыс операторы алаяқтыққа қарсы орталықпен байланысқа шыққан. Қалған операторлар да жүйеге кезең-кезеңімен қосылып жатыр.