Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарға цифрлық кеңістікте алаяқтықтың жиілеп кеткені жөнінде тағы да хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, алаяқтардан балалар мен жасөспірімдер жиі зардап шегеді.
Қаскөйлер әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолданып, өздерін таныс адам, мемлекеттік орган қызметкері немесе түрлі ұйым өкілі ретінде таныстырып, жеке және қаржылық деректерге қол жеткізуге тырысады.
Кең тараған алаяқтық тәсілдердің қатарында фишиң мен спуфиң бар, яғни алаяқтар жалған сайттар мен қосымшаларға сілтеме таратып, банк карталарының дерегі мен құпия ақпаратты ұрлайды.
Сонымен қатар, интернеттегі «виртуалды таныстар» да қауіп төндіреді. Олар деректерді ұрлау, пайда табу немесе зиянды контент тарату мақсатында әрекет етеді.
Осы қауіптердің алдын алу үшін Ұлттық банк ата-аналар мен мұғалімдерге мынадай кеңес береді:
- Балаларға кибергигиена мен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үйрету;
- Жеке және дербес деректерді қорғаудың маңызын түсіндіру;
- Балалар мен жасөспірімдердің құрылғыларына «ата-ана бақылауы» функциясын, антивирус бағдарламаларын және қауіпсіз шолу режимін орнату;
- Онлайн сатып алу мен қаржылық операцияларды қадағалау;
- Сенімді құпиясөз орнатып, екі факторлы аутентификацияны баптауға көмектесу.
«Жасөспірімдерге бейтаныс адамдармен хат алмасуға, жеке деректер мен фотоларды бөтен адамдарға жіберуге, ата-ананың рұқсатынсыз онлайн түрде сатып алуға болмайтынын, тек ресми сайттар мен қосымшаларды қолдану қажеттігін үнемі ескертіп отыру керек», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар 1477 нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласа алады.
Контекст
Бұған дейін Ұлттық банк онлайн-ойындар арқылы банк карталарының дерегі жиі ұрланатынын хабарлаған еді. Алаяқтар өздерін компания қызметкері не ойын әкімшісі ретінде таныстырып, балаларға ойын ішіндегі бонустарды уәде етіп, банк картасының нөмірі, CVV-коды және SMS-код сияқты құпия деректерді сұраған.