ІІМ алаяқтық таргет жарнамалар туралы ескертті

Алаяқтар жасанды интеллектің көмегімен бейнежазбаларды өңдеп, оларды таргет жарнама ретінде таратып жатыр. Бұл туралы Polisia.kz ішкі істер министрлігіне сүйеніп хабарлады.

Алаяқтар қалай алдайды?

Алаяқтар танымал адамдардың сөйлеген сәті жазылған видеоларды жасанды интеллект арқылы өзгертіп, сөздерді ерін қозғалысына сәйкестендіреді. Солайша олар таргет жарнама арқылы жалған инвестициялық қорларды, ұрланған ақшаны қайтаруға көмектесетін заңгерлік қызметтерді насихаттайды. Мәселен, Қарағанды облысының тұрғыны интернет арқылы тауар сатып алуға жұмсаған 40 мың теңгесін қайтармақ болып, 11 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған.

2024 жылы 2,5 мың азамат ақшасын жалған инвестициялық қорларға салған. Алайда олардың қаншасы ЖИ технологиялар көмегімен жасалған жарнамаға алданғаны нақтыланбаған.

Алаяқтарды қалай анықтаймыз?

ІІМ алаяқтарға алданбас үшін мына нәрселерге мән беру керек дейді:

  • Қатты қызықтыратын ұсыныстар – жарнама жеңіл табыс пен ешқандай тәуекелсіз бай болу мүмкіндігін уәде етеді.
  • Сілтемелер күмәнді сайттарға бағыттайды – байланыс нөмірлері немесе лицензиялар көрсетілмеген.
  • Жеке мәліметтер талап етіледі – анкета толтыру, карта нөмірін, төлқұжат немесе басқа деректерді енгізу сұралады.
  • Агрессив маркетинг және қысым көрсету – «мүмкіндікті жіберіп алмаңыз» деген шақырулар бар.
  • Инвестициялық қор менеджерлерінің қоңыраулары.
  • Танымал адамдардың жарнамадағы оғаш мимикасы – ерін қозғалысы мен дыбыстың сәйкес келмеуі.

Контекст

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ең көп тараған қылмыс түрі алаяқтық екен. Екінші орында – ұрлық, ал үшінші орында – есірткі қылмыстары тұр.

Журналист

Factcheck.kz