Қазақстандағыдай схема: Малайзия полициясы алаяқтыққа күдіктілерді ұстады

Жақында Malay mail басылымы Малайзия астанасы Куала-Лумпурда 16 жергілікті азаматтың ұсталғанын хабарлады. Оларға халықаралық алаяқтар тобына қатысы бар деген күдік ілінді.

Бұл операция – Малайзия мен Сингапур полициясының бірлескен жұмысының нәтижесі. Күдіктілердің басты мақсаты – Сингапур тұрғындарын алдап, ақшасын иемдену болған. Алданғандар 1,4 миллион Сингапур долларынан (шамамен 1 миллион АҚШ доллары) айырылған. Ең қызығы күдіктілер Қазақстандікіне ұқсас алаяқтық схемасын қолданған.

Алаяқтар қалай жұмыс істеген?

Күдіктілер телефон арқылы адамдарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушілердің шотында күмәнді транзакциялар анықталғанын айтқан. Бұдан кейін қоңырау басқа алаяққа бағытталып, ол өзін полиция немесе Сингапурдың қаржы басқармасының қызметкерімін деп таныстырған.

Әрі қарай байланыс мессенджерлер арқылы (мысалы, WhatsApp) жалғасқан. Алаяқтар жалған ордерлер мен басқа да құжаттарды көрсетіп, жәбірленушілерді айтқандарының рас екеніне сендірген.

Кейін жәбірленушілерге “ақшаны жылыстатумен айналысасың” деп айып тағып, тергеу үшін үкімет арнайы бөлген есепшоттарға ақша аудару қажет деген.

Контекст

Елімізде мұндай әдіс – алаяқтықтың тек бір түрі ғана екенін айта кетейік. Factcheck.kz сайтының мәліметінше, кейінгі уақытта қазақстандықтар телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың көбейіп кеткеніне шағымданып отыр. Мұндай жағдайда алаяқтар өзін байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен құпия деректерді алдап алуға тырысады.

Журналист

Factcheck.kz