Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған қатысты түзетулерді қарастырып жатыр. Құжатқа жасанды интеллект технологияларын қолданудың бірыңғай құқықтық негізі енгізіледі. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады.
«Заң жобалары жасанды интеллекті пайдалану тәртібін жүйелеуге бағытталған. Құжатта осы саланы реттеудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері, қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың жасанды интеллекті қолдану ерекшеліктері көрсетілген. Сонымен қатар, пайдаланушылардың құқығы мен міндеті де айқындалады», – деді мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Түзетулер ЖИ платформаларын қолданатындардың жеке дерегінің құпиялығын сақтауды да көздейді.
Сонымен бірге, депутаттар ЖИ көмегімен әзірленген медиаөнімдердің таралуын заңнамалық тұрғыда реттеуді жоспарлап отыр. Ал жасанды интеллектің иелері мен операторларына қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырмақ.