Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы Қазақстан аумағында заң талаптарына сай спутниктік интернет қызметін ұсыну туралы ресми құжатқа қол қойды. Сатылым 2025 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Бұл туралы Bes.media жазды.
Министрліктің мәліметінше, бұл келісім шалғай және инфрақұрылымы әлсіз өңірлерді жылдам интернетпен қамтуда маңызды қадам болмақ. Бұған дейін Starlink елімізде тек пилоттық жоба аясында жұмыс істеп, интернет тек ауыл мектептеріне беріліп келген. Ал басқа азаматтар бұл қызметті заңды түрде пайдалана алмайтын еді.
«Бүгін біз үлкен нәтижеге қол жеткіздік: компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнамамыздың талаптарын орындауға келісім берді. Биыл қажетті техникалық жұмыстар жүргізіліп, азаматтарымыз спутниктік интернетке ресми түрде қосыла алады», – деді министр Жаслан Мәдиев.
Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, жоба барлық кезеңде еліміздің қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүзеге асады. Бұл бастама – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының бір бөлігі.
Контекст
Starlink – Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының жаһандық спутниктік интернет жүйесі. Қазір Starlink Қазақстанда пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жоба ауыл мектептерін қамтиды және 2026 жылы аяқталады. Компания елімізде заңды түрде жұмыс істеуі үшін жерүсті станциясын салуы керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке қатысты талап. Бұған дейін станция салынбаса, пилоттық жоба аяқталған соң Starlink Қазақстан нарығынан кетуге мәжбүр болады деп хабарланған.