Қазақстанда бейнебақылау камераларының санын екі есе арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутат сауалына берген жауабында айтқан. Құжат мазмұнын «ҚазАқпарат» агенттігі келтірді.
«“Елді мекендерді жаппай бейнебақылау жүйелерімен жабдықтап, оларды жедел басқару орталықтарына қосу” жобасы аясында бүкіл ел аумағын ішкі істер органдары қадағалайтын бейнекамералармен барынша жабдықтау жоспарланып отыр (әр 100 адамға 15 бейнекамерадан, бұл шамамен 3 миллион камераны қажет етеді). Қазіргі таңда осы жоба аясында көшелер мен қоғамдық орындарда 1,4 миллион бейнекамера жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 386 мыңы полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдеріне қосылған», – делінген премьер-министрдің жауабында.
Үкімет басшысының айтуынша, бет-әлпетті тану жүйесі сынақтан өтіп жатыр, бұл жүйе 19 мың аналитикалық функциясы бар камераны қамтиды. Соның көмегімен 500-ден астам адам анықталып, ұсталған.