Қазақстанда дипфейк үшін айыппұл салынбақ

Қазақстанда дипфейк үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Айыппұл мөлшері 15-тен 100 АЕК-ке дейін болады (2025 жылғы есеп бойынша – 58 980 теңгеден 393 200 теңгеге дейін). Мәжіліс депутаттары қылмыстық жауапкершілік бойынша нақты шешім қабылдаған жоқ, себебі әлі де баптың мазмұны талқыланып жатыр. Бұл туралы «Власть» депутат Екатерина Смышляеваға сілтеме жасап хабарлады.

Смышляеваның айтуынша, мәселе дипфейктерге қатысты, яғни адамның келісімінсіз оның жеке деректері, бет-бейнесі мен дауысы қолданылған жағдайлар туралы сөз болып отыр. Сонымен қатар қоғам пікірін манипуляциялауға және адастыруға бағытталған контентті таратуға тыйым салынбақ.

«Бұл тыйымды біз заң жобасында ескердік. Әзірге дипфейктерді жасауға мүмкіндік беретін жүйелердің иесіне қатысты жауапкершілік енгізіліп отыр. Айыппұл көлемі 15-тен 100 АЕК-ке дейін белгіленбек. Бұл бизнес субъектісіне байланысты болады», — деді депутат.

Оған қоса, депутаттар жалған ақпарат таратуға қатысты Қылмыстық кодекске қосымша бап енгізуді де қарастырып жатыр. Алайда Смышляеваның сөзінше, әзірге олар тек құқықбұзушылық құрамын талқылап жатыр. Осыдан кейін ғана жауапкершілікке тарту мәселесіне көшеді.

Жасанды интеллект туралы заң жобасы қай деңгейде?

14 мамырда Мәжіліс депутаттары жасанды интеллект (ЖИ) туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Авторлардың айтуынша, құжат азаматтардың құқықығын қорғауға бағытталған. Бұл туралы Bes.media жазды.

Заң күшіне енгеннен кейін, ол мына міндеттерді атқаруға тиіс:

  • жасанды интеллект қолданатын адамдардың дерегін қорғау;
  • ЖИ жүйелерінің жұмысын ашық әрі қауіпсіз ету;
  • ЖИ әзірлеушілер мен инвесторлар үшін нақты ережелер орнатып, инвестиция тарту;
  • барлық әзірлеушіге қолжетімді ортақ дерекқор мен құралдар жиынтығын біріктіретін Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру;
  • осы салада ғылыми зерттеулерге мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыру енгізу.

Заң жобасында бірқатар шектеулер де қарастырылған. Мысалы адамның келісімінсіз оның эмоциясын ЖИ арқылы талдауға тыйым салынады, қоғамдық орындарда адамның түр-әлпетін дәл уақытта тану шектеледі (рұқсат етілген жағдайлардан басқа). Адамның осал тұстарын (жасы, мүгедектігі және т.б.) пайдалануға, ЖИ атынан зиянды контент тарату, соның ішінде дипфейктер жасауға, адамның келісімінсіз ЖИ арқылы манипуляция жасауға жол берілмейді.

ЖИ жүйелерінің түрлері

Заң жобасына сәйкес, нейрожелілер үш санатқа бөлінеді: көмекші, жартылай автономды және толық автономды. Кейінгісіне тыйым салынады. Егер ЖИ адамға зиян келтірсе, жауапкершілік жүйе иесі мен операторына жүктеледі. Сонымен қатар, қателік болған жағдайда сақтандыру жүйесі де енгізіледі.

Жоба жасанды интеллекті қауіп деңгейіне қарай жіктейді:

  • жоғары — адамның өмірі мен денсаулығына, мемлекеттік басқаруға және шешім қабылдауға әсер ететін жүйелер. Олар қатаң бақылауға алынады;
  • орташа — бақылауды қажет етеді, бірақ шектеулер аздау;
  • төмен — мұндай жүйелерге реттеу қажет емес, еркін дамуға мүмкіндік беріледі.

Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру жоспарланған. Бұл жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізу үшін негіз болмақ. ЖИ жүйелерін қолданған жағдайда (мысалы чат-боттармен сөйлескенде немесе автоматты шешім ұсынатын сервистермен жұмыс істегенде) әзірлеушілер қолданушыларға бұл туралы хабарлауға міндеттелуі мүмкін.

Депутаттардың айтуынша, заң жобасында мынадай бөлімдер қарастырылған:

  • жеке деректер құпиялылығын қорғау;
  • дерекқорлармен жұмыс істеу мен оларды ұсыну ерекшеліктері;
  • ЖИ үйренетін деректердің ашықтығын қамтамасыз ету;
  • зияткерлік меншік құқықтары.

Контекст

2024 жылы Қазақстан үкіметі ЖИ технологияларын экономиканың түрлі саласына енгізуге арналған стратегиялық құжат қабылдады. ЖИ дамыту тұжырымдамасы 2024–2029 жылдарға арналған.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz