Қазақстан әділет министрлігі коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) қызметін құқықтық реттеу бойынша Ресей Федерациясының әділет министрлігімен тәжірибе алмасады. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады.
27 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапарында екі елдің әділет министрліктері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл консультацияларды, жұмыс кездесулерін, семинарлар мен тағылымдамаларды, қызмет мәселелерін, соның ішінде заңнама мен құқық практикасы бойынша ақпарат алуды қамтиды.
Сонымен бірге КЕҰ қызметін құқықтық реттеу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға да қол қойылды.
“Меморандум шеңберінде тараптар коммерциялық емес ұйымдардың қызметін және заңнамалық процесті нормативтік-құқықтық реттеу саласында тәжірибе алмасу; нормативтік құқықтық актілердің мәтінімен және тараптардың құқық қолдану практикасы туралы ақпаратпен өзара алмасу; сараптамалық консультациялар ұйымдастыру бағыттары бойынша ынтымақтасады”, – деп хабарлады Әділет министрлігі басылымға.
Бірақ бұл меморандум халықаралық шарт емес және халықаралық құқықпен реттелетін құқықтар мен міндеттемелерді тудырмайды.
Сонымен бірге, министрліктер арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, ол халықаралық құқықтық көмек көрсету желісі бойынша өзара консультацияларды, адвокатура, нотариат, азаматтарға мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету, құқықтық ағарту, сот-сараптама қызметін ұйымдастыру, заңнаманы жүйелеу салаларында тәжірибе алмасуды көздейді.
Ынтымақтастық туралы келісім мен меморандум 27 қарашада қол қойылған сәттен бастап күшіне енді. Ал бағдарлама 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. Министрлік дерегіне сәйкес, бұл құжаттар ратификацияланбайды, тиісінше олардың ережесі ұлттық заңнамадан басым болмайды. Екіжақты құжаттарды қолдану кез келген уақытта тоқтатылуы мүмкін.
Басты беттегі сурет gov.kz сайтынан алынды.