Дохада Газа секторындағы бітімгершілік келісімінің соңғы нұсқасына қол қойылды. Бұны 17 қаңтарға қараған түні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі мәлімдеді. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
Axios мәліметтері бойынша, Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімнің соңғы нұсқасы 16 қаңтарда Дохада бекітілген. АҚШ пен Қатар өкілдері де келісімге қол қойған. Египет те мәмілеге кепілгер болады. AP агенттігі жазғандай, Нетаньяху кеңсесінің бұл мәлімдемесі «Израиль билігі елдегі оңшыл коалицияның қарсылығына қарамастан келісімді мақұлдайтынын» білдіреді.
Бірінші алты аптада кепілге алынған 33 израильдік босатылады. Израиль жағы 700-ден аса палестиналық тұтқынды айырбастайды, оның ішінде 275-ке жуығы – израильдіктерді өлтірді деген айыппен сотталған және өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар.
Келісімнің басқа кезеңдерінде қалған тұтқындарды босату, атысты толық тоқтату және Израиль күштерін Газадан толық шығару мәселелері талқыланады деген болжам бар.
2023 жылғы 7 қазанда Хамас Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасағанын еске салайық. Мыңдаған адам қайтыс болып, екі жүзден аса адам (олардың арасында әртүрлі мемлекеттердің азаматтары бар) тұтқынға алынды. Ал Газаның денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 46 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.
Басты беттегі сурет AFP басылымынан алынды.