Қатар премьер-министрі Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани баспасөз жиынында Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы атысты уақытша тоқтатуға келіскенін растады. Бұл туралы BBC-дің орыс қызметі хабарлады.
Қатар екі ел арасындағы келіссөздерде басты делдал болды. Әл-Танидің айтуынша, келісім 19 қаңтарда күшіне енеді.
Атысты тоқтатудың бірінші кезеңі алты аптаға созылады. Осы уақытта Газа секторына гуманитарлық көмек жіберіліп, Израиль әскерлері сектордан біртіндеп шығуы керек.
Қатар премьер-министрі ХАМАС кепілге алынған 33 адамды босататынын хабарлады. Ал Израиль түрмеден ХАМАС-қа қатысы бар және израильдіктерге шабуыл жасады деп сотталған тұтқындарды шығарады.
Екінші кезең де алты аптаға созылады. Сол кезде соғысты толық аяқтау мәселесі талқыланады. Егер тараптар 42 күн ішінде келісе алмаса, атысты тоқтату уақыты ұзартылады. Үшінші кезеңде кепілдегі қалған тұқындар босатылып, Газа секторын қайта құру талқыланады.
АҚШ президенті Джо Байден бұл келісімді америкалық дипломатияның табанды әрі қажырлы еңбегінің нәтижесі деп мәлімдеді.
2023 жылғы 7 қазанда Хамас Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасағанын еске салайық. Мыңдаған адам қайтыс болып, екі жүзден аса адам (олардың арасында әртүрлі мемлекеттердің азаматтары бар) тұтқынға алынды. Ал Газаның денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 46 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.
Басты беттегі сурет Reuters агенттігінен алынды.