2025 жылғы маусымда Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске байланысты әлеуметтік желіде жалған ақпарат көбейіп кетті. Солардың бірі – Иранның америкалық B-2 бомбалаушы ұшағын атып түсіргені бейнеленген сурет. Бұл сурет TikTok пен X (бұрынғы Twitter) желілерінде кең тарады. Фотоны алғаш жариялаған аккаунттың жазбасы 886 мыңнан астам қаралым жинаған. Snopes ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
Жазбада «Шұғыл: “журналист” Сулейман Ахмед Иран АҚШ-тың B-2 бомбалаушы ұшағын атып түсірді деп мәлімдеді» делінген. Алайда қолданушылардың көбі бұл суреттің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын байқаған. Расымен де фото жалған.

«Snopes» суреттің жалған екенін дәлелдейтін бірнеше айғақ тапты:
- Суреттегі ұшақ шынайы B-2 ұшағына қарағанда әлдеқайда кіші. B-2 — көлемді әрі күрделі әскери техника.
- Солдаттардың артындағы ту мен тақтайшаның астында көлеңке жоқ, ал тақтайша жерге мүлде тимей тұр. Бұл — ЖИ жасаған суреттерде жиі кездесетін қателік.
- Қираған ұшақтың қону шассиі ашық, ал бұл шынайы соққы алған жағдайда мүмкін емес. Егер Иран күштері мұндай әскери ұшақты расымен атып түсірсе, онда ұшақ шассиі қатты бүлінер еді.
- Суретті жүктеген адам кейін бір пікірге берген жауабында бұл фотоны «әзіл ретінде» жасағанын ашық айтқан. Басқа бір пікірде: «Кешіріңіздер, достар. Бірақ мен бұл жалған екенін нақтылап айтуым керек пе еді?» деп жазады.
- Hive деп аталатын арнайы бағдарлама бұл суреттің ЖИ көмегімен жасалған ықтималдығын 54,5% деп бағалады.
Осы деректерге сүйеніп, бұл фотоны ЖИ жасағанын, ал тараған ақпараттың жалған екенін сенімді түрде айтуға болады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.