Грузия парламенті «шетел агенті» туралы жаңа заңды мақұлдады

Грузия парламенті (онда тек «Грузин арманы» партиясының депутаттары бар) «шетел агенті» туралы жаңа заңды бірінші оқылымда қабылдады. Бұл заң – 1938 жылы АҚШ-та қабылданған «Шетел агентін тіркеу туралы» (Foreign Agents Registration Act – FARA) заңының аудармасы . Бұл туралы Deutsche Welle Tabula басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Билеуші партияның 84 депутаты «қолдап» дауыс беріп, ешкім «қарсы» шықпаған. Ал оппозиция қазан айында өткен сайлауды заңсыз деп есептеп, парламент жұмысына бойкот жариялады.

Жеке адамдар да «шетел агенті» деп танылуы мүмкін

Парламенттің заң комитетінің жетекшісі Арчил Гордуладзе жаңа заң АҚШ-тағы нұсқаның толық аудармасы екенін айтты. Ол 2024 жылғы жазда Грузияда «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң күшіне енгенін еске салды. Билік заңды елдегі жаппай наразылықтарға қарамастан қабылдаған.

Жаңа заңның басты ерекшелігі – ол тек ұйымдарға ғана емес, жеке адамдарға да қатысты болуы мүмкін.
«Қазіргі «Ашықтық туралы заң» тек үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ), бұқаралық ақпарат құралдарына және онлайн-платформаларға қатысты болса, жаңа заң жеке тұлғаларды да шетел агенті ретінде таниды», – деді Гордуладзе Netgazeti басылымына берген сұхбатында.

Tbilisi life телеграм-арнасының хабарлауынша, Грузияда алғашқы «шетел агенті» туралы заң қабылданғаннан кейін көптеген үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) мемлекеттік реестрге тіркелуден бас тартқан.
«Енді билік жаңа заңды енгізгелі отыр, ол тіркеуден бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырады», – деп жазады портал.

Жаңа репрессивті заңдар

4 наурызда Грузия парламенті тағы да бірқатар жаңа заңды бірінші оқылымда қабылдады. Оппозиция бұл заңдарды «репрессивті» деп атады.

Грузияның Бірінші арнасының мәліметінше, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер енді мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатыса алмайды. Сонымен бірге шетелден қаржыландырылатын БАҚ-қа да қосымша шектеулер енгізілмек.

Бұдан бөлек, гендерлік теңдік туралы заңнан «гендер» ұғымы алынып тасталуы мүмкін.
Оппозициялық TV Pirveli телеарнасының жазуынша, тағы бір өзгеріс судьяларға, прокурорларға және мемлекеттік қызметкерлерге шетелде біліктілігін арттыруға тыйым салуды көздейді.

Cаяси сарапшы Гела Васадзе DW басылымына берген сұхбатында Грузия парламентінің жұмысын «құтырған принтерге» теңеді. Оның айтуынша, заң шығарушы орган елде авторитарлық режим орнатуға бағытталған заңдарды жаппай қабылдап жатыр.

Журналист

Factcheck.kz