Google осы жылдың аяғында Android құрылғыларындағы Google Assistant қызметін Gemini-ге ауыстыратынын хабарлады. Бұл туралы TechCrunch жазды.
Компания блогындағы мәлімдемеге сәйкес, алдағы бірнеше айда Google Assistant қолданушылары біртіндеп Gemini-ге өтеді. Жыл соңына қарай Google Assistant көп мобильді құрылғыда істен шығып, қосымша дүкендерінен жойылады.
«Сонымен қатар планшеттер, автокөліктер және телефонға қосылатын құлаққаптар мен сағаттар да Gemini жүйесіне ауысады. Gemini негізіндегі жаңа тәжірибені үйдегі динамиктер, дисплейлер және теледидарларға да енгіземіз», – делінген мәлімдемеде.
Google алдағы айларда пайдаланушыларға қосымша ақпарат беретінін айтты. Ал әзірге аталған құрылғыларда Google Assistant қызметі жұмысын жалғастыра береді.
Бұдан бөлек, Google Gemini функцияларын жақсартқанын мәлімдеді. Мысалы Android құрылғыларында Gemini-ге музыка ойнату, таймерлер және пайдаланушының құлыптау экранынан тікелей әрекеттер орындау мүмкіндігі қосылды. Google-дың айтуынша, Gemini-дің мүмкіндіктері Assistant-ке қарағанда әлдеқайда жетілген әрі ақпарат алудың жаңа тәсілдерін ұсынады. Бұл үшін Gemini Live және Deep Research сияқты құралдар пайдаланылады.