Германиядағы сайлауға бірнеше күн қалғанда X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде дезинформация көлемі күрт артты. Politico басылымы Германия үкіметінің есебіне сілтеме жасап, бұл әрекеттердің артында Кремль қолдайтын Doppelgänger операциясы тұрғанын хабарлады.
Жалған ақпараттың таралу тактикасы
Неміс Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Doppelgänger операциясы фейк жаңалықтар сайттарын, «ұйқыдағы» аккаунттарды және жасанды интеллект жасаған контентті пайдаланып, Германия азаматтарының санасын «улайды».
ЕО және АҚШ-тың арнайы қызметтері бұған дейін Doppelgänger-дің Украинаға қолдауды азайту және Кремльге тиімді нарративтерді тарату әрекеттерін бақылаған. Қазір операцияның басты нысанасы – Германиядағы 23 ақпанда өтетін сайлау.
Неміс билігі бірнеше ай бойы 100-ден астам жалған ақпараттық сайттың белсенділігін бақылап келген. Бұл сайттар шынайы БАҚ-қа ұқсайды, бірақ саяси маңызды сәттерде кенеттен жалған жаңалық тарата бастайды. Politico-ға сұхбат берген неміс шенеуніктерінің бірі «Бұл платформалар жасанды интеллект арқылы жасалған мақалалармен толтырылған. Белгілі бір уақытта олар жалған ақпарат таратып, оны әлеуметтік желілер мен инфлюенсерлер арқылы кеңейтеді» деп мәлімдеді.
Ресейлік дезинформация қалай таралып жатыр?
Бұл шабуылдардың негізгі белгілері Илон Маск иелік ететін X платформасында байқалған. Politico зерттеген есепте қаңтардың аяғында фейк аккаунттардан тараған хабарламалар саны күніне 3000-нан асқаны айтылады. Қараша-желтоқсан айларында бұл көрсеткіш орта есеппен 50 жазбадан аспаған, бірақ қаңтардан бастап дезинформациялық науқан күрт күшейген.
Басылымның жазуынша, мұндай «ақпараттық тасқын», яғни әлеуметтік желілерді жалған посттармен толтыру – Ресейдің дезинформация тактикасына тән құбылыс.
Фейк жазбалар негізінен Германияның Украинаға қолдау көрсетуіне қарсы бағытталған. Онда Берлин өз азаматтарынан гөрі Киевке артықшылық беріп отыр деген жалған мәліметтер айтылады.
Мысалы, есепте Германия экономика министрі Роберт Хабек пен «Украинаның мәдениет министрі» арасындағы коррупциялық жанжал туралы фейк ақпарат тіркелген. Бұл жалған жаңалық қаңтардың аяғында жарияланып, бірнеше сағат ішінде X платформасында жүздеген ретуиттермен таралған.
Есепте дезинформация толқыны автоматтандырылғаны, яғни жалған аккаунттар посттарды нақты уақыт аралығында жариялайтыны айтылады.
Германия билігі жалған ақпаратқа қарсы шараларды күшейтіп, халықаралық серіктестермен барлау дерегін бөлісіп жатыр. Сонымен бірге, Ресейдің ықпал ету науқанына қатысы бар желілерді ресми түрде әшкерелеу және оларға қарсы санкциялар енгізу мәселесін қарастырмақ.
Басты беттегі сурет Politico басылымынан алынды.