Франция президенті фотографтардан есірткі жасырғаны рас па?

Әлеуметтік желіде Франция президенті Эммануэль Макронның үстел үстіндегі «кокаин салынған қапшықты қалтасына салып жатқандай» көрінген видеосы тарады. Видео Германия канцлері Фридрих Мерц пен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен бірге пойыз вагонында отырған сәтте түсірілген. Snopes басылымы ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізді.

Бұл видео мамыр бойы тарады. Кейбір пайдаланушылар видеоны бөлісіп, Макрон «камерадан ақ ұнтақты жасырып үлгерді», ал Мерц «оны тұтынуға арналған қасықты тығып үлгерді» деген мәлімдеме жасады.

Аталған видеоны әсіреоңшыл белсенділер Алекс Джонс пен Динеш Д’Суза, сондай-ақ кейбір ресейшіл парақшалар бөліскен.

Бірақ Snopes AFP агенттігінің материалдарына сүйеніп, үстелдегі ақ зат қарапайым мыжылған майлық екенін анықтады. Бұл ақпаратты Франция үкіметі де растады.

9 мамыр күні Макрон, Мерц және Стармер үшеуі пойызбен Киевке жол тартқан кезде камера алдында қол алысып, ресми түрде амандасқан. Олар камера бар екенін біліп отырған. Бейнероликте тек суретке түсу сәтінде Макрон үстелдегі ақ затты алып, қалтасына салады, ал Мерц кішкентай бір затты алып, қолында ұстайды.

Бұл сәттерді түсірген фототілшілер – Людовик Марен (Ludovic Marin) мен Кай Нитфельд (Kay Nietfeld). Суреттерде үш елдің басшысы күліп, еркін әңгімелесіп отырғаны көрсетілген. Сондықтан видеомен қоса тараған ақпарат – жалған.

Журналист

Factcheck.kz