Федералдық тергеу бюросы (FBI) интернет-алаяқтар табиғи апаттар мен қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларды сылтау етіп, жалған қайырымдылық науқандарын ұйымдастырып жүргенін ескертті. Олар адамдардың өзгелерге көмектескісі келетін ниетін пайдаланып, жалған сайттар арқылы ақша жинап, жұртты алдайды. Бұл туралы SecurityLab жазды.
Алаяқтар тек қаржы ұрлаумен шектелмейді, олар зиянды сілтемелерді таратып, вирустар жүктейтін немесе логин мен құпиясөзді ұрлайтын сайттарға бағыттайды. DomainTools зерттеуіне сәйкес, кез келген оқиға интернетте кең тарап, қоғам назарына іліккен сәтте, алаяқтар бірден іске кіріседі. Олар адамдардың эмоциясын пайдаланып, жалған хабарламалар таратады.
Мәселен биыл Veriti компаниясы Калифорнияда болған орман өрттері кезінде фишиң шабуылдарының күрт артқанын тіркеген. Тек 72 сағат ішінде malibu-fire[.]com, fire-evacuation-service[.]com, boca-on-fire[.]com секілді ондаған күмәнді сайт ашылған. Алаяқтар бұл домендерді ресми қайырымдылық ұйымдарына ұқсатып жасаған.
Сарапшылар мұндай жағдайларды «қосарланған трагедия» деп атайды: біріншісі — нақты апат, екіншісі — сол оқиғаға сеніп қалған адамдардың сан соғуы. DomainTools мәліметінше, мұндай тәсілдер Лос-Анджелестегі өрттерден бастап, Таяу Шығыстағы соғыс пен Мьянмадағы жер сілкінісіне дейін әлемнің түкпір-түкпірінде қолданылып жүр
Алаяқтар сенімді қайырымдылық ұйымдарының дизайнын айнытпай көшіріп, соның атынан қаражат жинайды. 2024 жылдың өзінде 106 миллионнан астам жаңа домен тіркелген, бұл күніне орта есеппен 289 мың жаңа сайт ашылады деген сөз. Осынша көлемдегі ақпарат арасынан алаяқтықты ажырату барған сайын қиындап барады.
FBI азаматтарға кез келген қайырымдылық туралы ұсынысқа сын көзбен қарауға кеңес береді. Ақша аудармас бұрын ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, электрон хаттардағы сілтемелер мен сайт атауларын мұқият қарап шығу керек. Әдетте шынайы ұйымдар тегін пошта сервистерін пайдаланбайды. Ал алаяқтардың IP-адрестері шетелдік болуы мүмкін. Бейтаныс адамдардан түскен шұғыл көмек күдік тудыруға тиіс.
Контекст
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең кең тараған қылмыс түрі алаяқтық екен. Одан кейін ұрлық, ал үшінші орында есірткі қылмыстары тұр.