FBI: Алаяқтар шенеуніктердің дипфейкімен қызметкерлерді алдап жүр

АҚШ Федералдық тергеу бюросы (FBI) мемлекеттік қызметкерлерге бағытталған жаңа кибершабуыл туралы ескерту жасады. 2025 жылғы сәуірден бері алаяқтар жасанды интеллект көмегімен танымал шенеуніктердің дауысына ұқсас жалған аудиохабарламалар жасап, оларды шынайы етіп көрсету арқылы адамдарды алдап жүр. Дауыс иелері – қазіргі немесе бұрынғы федералдық және аймақтық деңгейдегі лауазымды тұлғалар. Бұл туралы SecurityLab жазды.

Киберқылмыскерлер SMS-хабарламалар мен жалған аудиожазбалар арқылы адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Бұл әдіс смс-фишиң (смишиң) пен дауыс арқылы алдау (вишиң) тактикасын біріктіреді. Құрбандарды зиянды сілтемелерге өтуге немесе басқа мессенджерлерге ауысуға көндіріп, құрылғысына немесе аккаунтына қол жеткізеді.

Егер олар бір шенеуніктің аккаунтын бұзып алса, сол адамның байланыс тізіміне де жол ашады. Кейін шабуылдар шенеуніктің аты мен даусын пайдаланып, басқа мемлекеттік қызметкерлерді алдайды. Бұл тәсіл ақпарат немесе қаржы ұрлауға дейін алып келуі мүмкін.

FBI 2021 жылы-ақ дауыс, видео, мәтін және сурет арқылы жасалатын дипфейк технологияларының алдау мақсатында пайдаланылатынын ескерткен еді. 2022 жылы Еуропол дипфейктердің «директор атынан алдау» схемаларында және жалған дәлел жасау мақсатында кеңінен қолданылатынын болжаған.

2024 жылы АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі де осыған ұқсас оқиғалар жайлы хабарлады, алаяқтар IT мамандарын жалған дауыс арқылы алдауға тырысқан. Ал LastPass компаниясына қарсы шабуылда алаяқтар бас директор Карим Туббаның дауысын салып, қызметкерді жалған әрекетке итермелемек болған.

Журналист

Factcheck.kz