RSF: Экономикалық қысым – БАҚ еркіндігіне төнген басты қауіп

2025 жылы әлемде баспасөз еркіндігі күрт нашарлап, алғаш рет «қиын жағдайда» деп бағаланды. «Шекарасыз репортер» (RSF) ұйымының жыл сайынғы есебіне сәйкес, цензура немесе физикалық қысымнан бөлек, журналистерге төнген басты қауіп экономикалық тұрақсыздық болып отыр.

БАҚ-тың қаржылай әлсіреуі редакцияның тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Меншік иелері, жарнама берушілер мен демеушілердің қысымы, мемлекеттік қаржыландырудың болмауы, шектелуі немесе ашық еместігі – мұның бәрі баспасөз еркіндігін экономикалық тұрғыдан қысады.

«Плюралистік, еркін және тәуелсіз БАҚ үшін тұрақты әрі ашық қаржылық жағдай қажет. Экономикалық тәуелділік болса, баспасөз еркіндігі болмайды. БАҚ қаржылық тұрғыдан әлсіресе, рейтиң қуып, сападан айырылады, ал медианы олигархтар мен билік иелері өз мүддесіне пайдалана бастайды. Журналистер кедейленгенде, жалған ақпарат, үгіт-насихатпен күресуге ресурсы қалмайды. Бізге сенімді ақпарат өндіруге жағдай жасайтын медиаэкономика қажет. Мұндай жүйе елеулі инвестицияны талап етеді. Шешімдер бар, бірақ оларды кең ауқымда іске асыру керек. Қаржылық тәуелсіздік – қоғам мүддесіне сай шынайы ақпараттың басты кепілі», – дейді RSF редакциясының директоры Анн Боканде.

RSF зерттеу жүргізген 180 елдің 160-ында БАҚ қаржылық тұрақтылыққа жете алмай отыр. Ал әлемнің үштен бір елінде жаңалық тарататын медиалар тұрақты экономикалық қиындықтардан жабылып қалып жатыр.

АҚШ – медиа экономиканың құлдырауынан көшбасшы

АҚШ-та (57-орын) экономикалық индекс екі жыл ішінде 14 пунктке төмендеді. RSF сауалнамасына қатысқан журналистердің 60%-дан астамы «бұл салада күн көру қиын» десе, 75%-ы «орташа деңгейдегі медиа ұйымның экономикалық болашағына қауіп төніп тұр» деп санайды. Елдің әлеуметтік рейтиңі де 28 орынға құлап, жалпы ортада баспасөзге дұшпандық көзқарастың артқанын көрсетті.

Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі жағдайды одан сайын ушықтырды. Экономикалық сылтаумен билік «Америка дауысы» мен «Азаттық радиосының» қаржыландыруды тоқтатып, бүкіл әлемде 400 миллиондай адам сенімді ақпараттан айырылды. USAID арқылы берілетін халықаралық көмек те тоқтатылып, Украинада (62-орын) көптеген медианың жабылуына себеп болды.

Цифрлық платформалардың әсері

Медиаэкономиканы әлсіреткен тағы бір фактор – GAFAM (Google, Apple, Facebook, Amazon, Microsoft) сияқты цифрлық алпауыттардың жарнама табысын өздеріне бағыттауы. 2024 жылы әлеуметтік желідегі жарнама шығындары 247,3 миллиард долларға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға өсті. Бұл жаңалық медиасының бизнес үлгісін бұзып, жалған ақпарат пен манипуляция таралуына жол ашты.

Қазақстан «қызыл аймақта»

Он жылдан астам уақыт ішінде индекс нәтижелері баспасөз еркіндігінің тұрақты түрде нашарлағанын көрсетті. 2025 жылы елдердің орташа индекс балы 55-тен төмен түсіп, 112 елде көрсеткіш нашарлады. Әлем елдерінің жартысында журналистік қызметте жағдай «нашар», ал тек төрттен бірінде ғана «қанағаттанарлық» деп бағаланды. Орталық Азияда Қырғызстан (144) мен Қазақстан (141) рейтиңді төмендетіп тұр.

Негізгі тұжырымдар:

  • Әлем халқының 56,7%-ы тұратын 42 елде баспасөз еркіндігі мүлде жоқ. Бұл елдерде журналистикамен айналысу – аса қауіпті кәсіпке айналды.
  • Палестинада Израиль армиясының әскери әрекеттері салдарынан 200-дей журналист қаза тапты. Израиль 2024 жылғы 112-орынға түсіп, тағы 11 саты төмендеді.
  • Уганда (143), Эфиопия (145), Руанда (146) сияқты Шығыс Африка елдері, сондай-ақ Гонконг (140) пен Қытай (178) баспасөз еркіндігі ең төмен елдер қатарына кіріп, «қызыл аймаққа» енді.
  • Баспасөз еркіндігіне ең қауіпті өңір – Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка. Бұл аймақтарда репрессиялық билік пен экономикалық тұрақсыздық қатар қысым көрсетіп жатыр.
  • Иран (176) мен Сирия (177) – баспасөз еркіндігі мүлде жоқ елдердің қатарында.
  • Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 32 елдің 20-сында экономикалық көрсеткіштер нашарлаған. Бұл аймақтағы жағдай да күрделі.
  • Қытай (178) – журналистер үшін ең қауіпті елдердің бірі.
  • Үндістанда (151) билікке жақын топтардың ықпалы және экономикалық қысым журналистиканың дамуына елеулі кедергі келтіріп отыр.
  • Норвегия тоғыз жыл қатарынан баспасөз еркіндігі индексінде бірінші орынды сақтап тұр. Бұл ел — әлемде барлық бес индикатор бойынша «оңтайлы ахуал» көрсеткен жалғыз мемлекет. Эстония биыл екінші орынға көтерілді, Нидерланд рейтиңде қайтадан үздік үштікке еніп, Швецияны төртінші орынға ығыстырды.

Журналист

Factcheck.kz